Мамырға дейін балық аулауға болмайды

285
Мамырға дейін балық аулауға болмайды

Оңтүстікте браконьерлер ырыққа бағынбай тұр. Мамыр айының соңына дейін балық аулауға тыйым салынғанына қарамастан ау құрып, қармақ салғандардың қатары сейілер емес.

Көксарай контрреттегішінің маңайын торуылдап жүріп, қармақ салып отырған екі жігітті кезіктірдік. Олар ұсталғаннан кейін ұялы телефон арқылы әлдебіреулерге хабарласып, көмек сұрап жатты.

Мамырға дейін балық аулауға болмайды

Балық аулауға келгендердің енді бірі Ордабасы ауданының тұрғындары екен. Төрт жігіт үрмелі қайықпен жақсы дайындалып келіпті. Олар бұл әрекетке білместіктен барғанын мойындады.

Одан кейін Шардара су қоймасының № 4 учаскесінде қолға түсті. Мақтаарал ауданының тұрғындары балықты үйіп аулапты. Көліктерінің жүк салғышы сазандарға толы.

Құзырлылар иесіз ауларды да тәркіледі. Рейд кезінде ең сорақысы — электр қуатының күшімен су жәндігін қырып жатқандар да әшкере болды. Оларға қатысты екі қылмысты іс қозғалды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығына сәйкес 18 сәуірден бастап өңірдің барлық өзені мен су қоймаларында балық аулауға қатаң тыйым салынған. Оның орындалуы мамыр айының соңына дейін бақыланады. Қармаққа балық емес, өзіңіз ілініп қалмайын десеңіз, көктем аяқталмайынша, ау салудан аулақ болыңыз.

Ернар Балабеков