Úı ANONS «Браконьер»: 255 дана киік мүйізімен ұсталды

«Браконьер»: 255 дана киік мүйізімен ұсталды

фото egemen.kz

«Заң мен тәртіп» иделогиясын ілгерлету мақсатында Ішкі істер министрлігі 20 қазан — 19 қараша аралығында республика бойынша «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді.

Басты мақсат — табиғатты қорғау заңнамаларын сақтау, браконьерлік және биологиялық ресурстар объектілерінің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу. Нәтижесінде табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 4 мыңнан астам дерегі анықталып, оның ішінде 93 қылмыс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды.

Мысалы, Ақмола облысының Егіндікөл ауданында автокөлікті тексеру барысында 33 жабайы қаз және аңшы қаруы табылып, тәркіленді. Күдіктіде рұқсат құжаттары болмаған. Бұл дерек бойынша заңсыз аңшылық бабымен қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар 4 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Атап айтсақ: аңшылық ережелерін бұзғаны үшін – 2 мыңнан астам, балық аулау ережелерін бұзғаны үшін – 627 және басқа құқық бұзушылықтар үшін – 685. Жалпы 39 млн. тенгеден астам айыппұл салынды. Іс-шара жүргізу барысында 258 текше метр заңсыз дайындалған ағаш, 4 тоннадан астам балық, 255 дана киік мүйізі, 11,6 шақырым тыйым салынған аулау құралдары, одан басқа 358 дана аңшылық қаруы, оның ішінде ішкі істер органдарында тіркелмеген 120 қару тәркіленді.