Оңтүстік суретшісі Амангелді батырдың жас кезін бейнеледі

654

Биыл Алаштың туын биікке көтерген ұлт-азаттық көтеріліске – 100 жыл. Тарихи датаға орай күнгейліктер ерлердің есімі мен ерлігін насихаттап жатыр. Кезекті шара өңіріміздегі «Бейнелеу өнері» мұражайында өтті. Мәдени шарада қылқалам шеберлері Торғай мен Жетісу жері үшін күрескен қандастарымыздың батырлығын он саусақтың құдыретімен суреттеуге мүмкіндік алды.

12910102_816603271778982_2122252307_n

1916 жылғы көтеріліс Қазақ халқының көп ғасырлық ұлт-азаттық қозғалысының сипаты болды. 1917 жылы 21-28 шілдеде бірінші жалпықазақ съезінде «Алаш» партиясы құрылды. Дәл сол жылы желтоқсан айының 3-жұлдызында «Алашорда» үкіметі болып жарияланды.

Бұл – отаршылдық саясатқа қарсы тұрып, жан-жағына жалтақтамай, жасқанбаған қазақ зиялыларының тәуелсіздік туына талпынған әркеттерінің алғашқы қадамы еді. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедұлы, Мұстафа Шоқай сынды алаш арыстарының ерлігі – бүгінгі азат елдің айбынын байқататын көрінісі.

Амангелді батыр. Күнгейліктер кейіпкеріміздің тұлғасын тұңғыш рет осы көрмеден көрді. Бұған дейін егде жастағы ердің келбетін ғана көріп келген көпшілік, енді орда бұзар 30-дағы батырдың бейнесімен танысты. Тарихи туынды тәжірибелі суретші Оңдасын Абдурайымовтың қолынан шыққан. Жаңа еңбекті жұртқа жасқанбай ұсынған қылқалам шебері портретті салу үшін көп ізденгенін айтады. Оның түр-тұлғасы жазылған жинақтарды жаттауына тура келіпті.

Оңдасын Абдурайымов
Оңдасын Абдурайымов

Оңдасын Абдурайымов, суретші: «Еңбекті Ә.Қастеевтің суретіне қарап салдым, бірақ, ол суретте жасы үлкен. Ал оның жастығын сақтап қалу үшін мен көп іздендім, ол туралы жазылған жазбаларды зерттеп, жаттап шықтым десем де болады. Ал киімдері шетелден алынған. Суретті майлы бояумен 2 ай ішінде салып шықтым.»

Тарихи көрме Алаш арыстарының туын көкке көтерген ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына арналған. Шараның ерекшелігі де сол – мұнда кәсіби ғана емес, әуесқой суретшілердің де еңбектері қойылды.

12910611_816603148445661_194540766_n

12895474_816602811779028_1952932248_n

Айта өтейік, көрмеге «Батыр аманаты», «Елдің тағдыры», «Тәуелсіздік – тұғырым» сынды 100-ге тарта туынды қойылды. Ал тарихи тақырыптағы, оның ішінде жер жаннаты Жетісу мен Торғай даласында қылышын қынабына салмаған батырлардың ерлігін паш еткен суреттер әлі 2 ай бойы жерлестеріміздің назарына ұсынылмақ.