ОҚО-да 500 адам жұмыссыз қалуы мүмкін

320

Жыл аяғына дейін облыста 500 адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Бүгіннің өзінде тұрақты табысынан айрылғандар қатары 100-ге жуықтапты. Оның 70 пайызы-Шымкент қаласында тіркелген. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен дағдарысқа қарсы штабтың кезекті отырысында айтылды. Өңірдің жұмыссыздық ақуалын сараптап шыққан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Әсия Темірбаева әлеуметтік жағдайы алаңдататын аудан-қалалардағы тірліктің тындырымсыз екенін сынға алды.
Қаржылық қиындықтар өңірдегі алпауыт компанияларды да айналып өтпек емес. Облыстағы еңбек жағдайы тұрақсыз 13 кәсіпорынның арасында — Кентау трансформатор зауыты да бар. Онда бүгінде 50 шақты жұмысшы ақысыз демалысқа шыққаны анықталып отыр. Қаржылық дағдарысқа байланысты тауар өтімінің төмендеуі ескеріліп биыл зауыттағы 170 жұмысшыға мемлекеттік субсидия төленетін болып шешілген.

Бұл мәселе өз кезегінде міндетті зейнетақы төлемдерінің аударылуына да кері әсер етіп отыр. Облыста мыңға жуық жұмыс берушінің барын ескерсек биылғы жылы оның 400 ден астамының тиісті төлемдерді дер кезінде төлей алмай отырғаны анықталып отыр. Жұмыс беруші 57 мекемеде жағдай тіпті мүшкіл. Жұмысшылардың тең жартысы әлеуметтік тұрғыдан қамтамассыз етілмеген.

Сондай-ақ жергілікті еңбек инспекторлары өңірде еңбек заңсыздықтарына қатысты шағымдар артып отыр деп дабыл қағып отыр. Жыл басынан бері осы санаттағы арыздардың саны мыңнан асып жығылған. Бір ғана Шымкент қаласында 5 мекеменің жалақыдан қарызы бары анықталып отыр. Штабтың жұмысын бақылауға жауапты облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібек облыс орталығындағы ақуалды сынға алып, тиісті лауазым иелеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Салаға жауаптылар жұмыссыздық етек алмас үшін алдымен еңбек ақуалы нашар мекемелерге тұрақты мониторинг жүргізу керек деп отыр. Сондықтан да аудан-қала басшыларына қысқартылуы ықтимал жұмыс орындарын дер кезінде анықтап, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып бос қалған жұмысшыларға екі қолға бір күрек ұсынуды тапсырды.