Жеңіс күні мерекесіне орай өңір басшысы Бейбіт Атамқұлов облыстағы Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құттықтады. Облыс әкімі алдымен Алтыбай Бабаевтың отбасына арнайы барып құттықтап, сый-сияпат тарту етті.
Ерлік елге мұра, ұрпаққа үлгі деген облыс әкімі сұрапыл соғыстағы майдангерлердің көрсеткен жаужүрек ерліктеріне бүгінгі ұрпақ бас иетінін айта отырып, Отан үшін кеудесін оққа тосып, бейбіт өмір сыйлаған қарт жауынгерге алғысын білдірді. Ал қарт жауынгер ел үшін шайқасқан әрбір ардагерге әрдайым құрмет көрсетіп, әлеуметтік тұрғыда қолдау білдіріп жатқан билік өкілдеріне ризашылығын білдірді.
Алтыбай Бабаев 1924 жылы 15 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Көмешбұлақ ауылында дүниеге келген. 1940-1941 жылдары үлкендермен қосылып колхозшы болып жұмыс істеді. 1942-1947 жылдары майданға аттанып, Ұлы Отан соғысының ІІ топтағы мүгедегіне айналған оның әскери шені капитанға дейін өсті. Соғыстан кейінгі жылдары облыстық партия комитетінде, Шымкенттегі азық-түлік өндіру фабрикасының директоры болып қызмет атқарды. Бірнеше рет Шымкент қалалық, облыстық кеңестердің депутаты болып сайланған. «Қазақстан Республикасының Ерен еңбегі үшін», соғыстағы «Әскери ерлігі үшін» сынды 20 шақты жуық медальмен марапатталған.
Сонымен қатар «1941-1945жж Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін», «Украинаның босатылғанына 60 жыл», 1941-1945 жж Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60-65 жыл» медальдарымен марапатталған. Бүгінде немере, шөбере сүйіп отырған майдангер ата 91 жаста.
Бұдан кейін Бейбіт Бәкірұлы Ұлы Отан соғысының ардагері Шаля Анна Федоровнаны Жеңістің 71 жылдығымен құттықтап, шаңырағына барды. Ардагер апамызға жылы лебізін білдірген облыс әкімі ІІ дүниежүзілік соғыста апа-әпкелеріміздің көрсеткен жанқиярлық ерліктері мен жаужүректілігін мәңгі естен шағармайтынын, кейінгіге бейбіт өмір сыйлаған Ұлы Жеңістің біз үшін маңызы айрықша зор екенін атап өтті.
Өз кезегінде Шаля Анна сол уақыттағы майдан даласындағы естеліктерімен бөлісіп, бүгінгі ұрпақтан тәуелсіз Қазақстандағы бейбіт өмірдің қадірін ұғынып, оны қастерлеуін өтінді. Сонымен қатар, ардақты ардагер, аймақ басшысымен әңгімелесу барысында, Елбасыға және жергілікті билік өкілдеріне көрсетіліп жатқан құрмет пен қамқорлықтарына ризашылығын білдірді.
Шаля Анна 1923 жылы 12 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы, Вревск ауылында туған. 1941 жылы радиотелеграфист курсын аяқтап, Воронежде 40-армия штабында әскери қызметін атқарған. 25-дивизия есебінен 63-байланыс радиорота бөлімінде радист болған. Воронеж-Косторск операциясында алғашқы рет соғыс майданына енген.
1944 жылдың басында Румыния, Венгрия, Чехославакия шекарасынан өтіп, Звенигород, Богуслав, Умань қалаларын азат етуге қатысқан. «Қызыл жұлдыз» орденімен, II-ші дәрежелі «Отечественная война» медалімен және мерейлік медальдармен марапатталған. 1945 жылы елге оралған ардагер 1946 жыл мен 1979 жылдар аралығында білім саласында қызмет атқарып, сол жерден зейнеткерлікке шыққан.
Қазіргі уақытта Анна Федоровнаның жасы 92-ден асып отыр.