Шымкентте мүмкіндігі шектеулі азаматтарға өз деңгейінде қамқорлық көрсетілуде. Соның бір дәлелі ретінде шаһар аумағында «Әлеуметтік такси» және «Инва-такси» қызметі жолға қойылды.
Мұқтаж азаматтар бар болғаны байланыс телефоны арқылы хабарласып, бұл қызмет түріне оңай қол жеткізе алады, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Инва-такси телефоны — 43-36-77, 43-32-30, әлеуметтік такси қызметінің телефоны — 28-38-98.
Жаяу жүргіншілер жолағынан өте алмайтын мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қала әкімінің тікелей қадағалауымен Тұрар Рысқұлов даңғылындағы жаңа салынған жол үсті өткелінде арнайы мүгедектерге арналған лифт орнатылды. Алдағы уақытта қаланың тұрғындары жиі жүріп-тұратын жол бөліктерінде осындай құрылғылар орнату жоспарланған.
Сонымен қатар қала әкімдігі тарапынан алдағы уақытта қоғамдық көліктерде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған құрылғылардың санын арттыру көзделуде. Таяуда өткен жиында шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов әкімдік қызметкерлерін арыз-шағым жиі айтылатын жерлерге барып, тұрғындармен кездесуді, әрбір талап-тілек бойынша тиісті іс-шараларды қолға алуды тапсырды.