Күнгейлік кәсіпкерлер «Аға сеньорлар» жобасын меңгермек

339

Жаңа жоба жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Кәсіпкерлер палатасы жергілікті бизнесмендерді жан-жақты болуға шақырады. Республикалық «Аға сеньорлар» мен «Іскерлік байланыстар» жобалары арқылы шетел тәжірибесін үйренуге болады. Соңғы жылдары іске асырылып жатқан бұл жобаның берері көп. бастаған бизнесіңіздің қыр-сырын ашып, оны дамытуға шетелдік тәжірибелі мамандар көмек береді. Оған жергілікті кәсіпкер көз жеткізіп қайтқан.

Адхам Умаров, «Каравай» ЖШС-ның бас директоры: «Мен үш жыл бұрын шетелге барып, шағын өніркәсібімді дамытудың даңғыл жолымен танысып қайттым. Ол үшін 24 күн уақытым кетті. Тәжірибелі мамандардың шеберлік сабақтарына қатысып, түрлі халықаралық көрмелерге бас сұқтым. Нәтижесінде мен бастаған бизнесті дамытуға болатынына көз жеткіздім. Қазір Шымкентте тамақ өнеркәсібін шыр айналдырып отырмын десем қателеспеймін».

Кезекті рет кәсіпкерлермен кездескен палата өкілдері шетелдік сарапшыларды тарту мен шетелде тағылымнамадан өтудің шарттарымен таныстырды. Айтуларынша, шетелге барып, тәжірибесін меңгеремін деген кәсіпкер елде оқытылады. Қатысушыларға арналып тегін бизнес-тренингтер өтеді. Олар шетелдік және отандық бизнес жетекшілерінен білім алып, бизнес-жоспар әзірлеуге машықтанады.

Данияр Дармен, Кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы: «Қандай да бір бизнес жүргізу тәжірибесін өз көзіңмен көру-тынымыңды кеңейтеді, пайдалы әрі қызықты. Оған қоса, нақты табысты байланыстар орнатылуы мүмкін. Кәсіпкерге қойылатын талап та жоғары. Алдымен бизнес жоспарын сауатты құра алуы тиіс. Егер жобасын тыңғылықты қорғап шықса, шетелге барып-келуі мемлекет есебінен төленеді».

Ал шетелге аттанған кәсіпкер тәжірибе жинау барысында ортақ кәсіпорындар құру, тауар мен қызмет көрсету, халықаралық және шетелдік ұйымдардың грантын алу мәселелері бойынша іскерлік байланыс орната алуы тиіс. Яғни, іскерлік әріптестерінің қызығушылығын ояту үшін барынша күш салғаны жөн екен. айта өтейік, тағылымдамаға қатысушыларды халықаралық комиссия іріктейді. Яғни, жаңа жобаға қатысу кез-келгенге бұйырмасы анық.