Биыл Шымкентте 4 678 балаға лагерьде тегін демалуға жолдама берілген. Ақысыз әлеуметтік көмекті алғандардың басымы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жағдайы төмен отбасы балалары. Олар алты маусым бойы сауықтыру орындарында демалды.
Әсем ән, ертегі қойылымдары, сайқымазақтар, күлкілі әңгімелер. «Балдаурен» лагеріндегі балғындардың күнделікті өмірі осындай шаттыққа толы. Олар мұнда спорттық, шығармашылық сынды түрлі үйірмелерге қатысып, 2 мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.
Биыл «Балдаурен» лагерінде жазғы демалыс кезінде 1000 оқушыға тегін жолдама берілген. Олар алты кезең бойынша демалды. Қазір мұнда 108 бала тынығып жатыр. Таңғы сағат 8:30-да балалар мен жасөспірімдер орталығында қайнаған өмір басталады. Сапқа тізілген балдәурендіктер дене шынықтырып алып, тамақтанады. Одан соң спорттық ойындарға қатысып, шомылу мен түрлі үйірмелерге қатысып өнерін шыңдай алды.
Қазір қала сыртындағы «Ақсу» және «Арман» сауықтыру орындарында 800 жасөспірім тынығып жатыр. Ақысыз жолдама ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жағдайы төмен отбасылардың балаларына берілген. Сондай-ақ, жазғы демалыс кезінде 98 мектептің жанынан қосымша лагерь жұмыс істепті.
Айта кетейік, мектеп жанынан ашылған лагерлердің жұмысы бір айға созылған. Ал қала сыртындағы «Ақсу», «Арман» және «Балдаурен» лагері тамыз айына дейін балаларды қабылдайды.