Ұлттық ойындардың арасынан қарқынды дамып келе жатқан спорт түрі — аударыспақ. Осыдан екі жыл бұрын ат үстінде күресуден Азия чемпионаты өткен болатын. Араға екі жылды салып, байрақты дода Қытай елінде де жалғасын тапты. Бұл жолы да 10 елдің 50 палуаны бас жүлдеге таласты. Олардың арасында Оңтүстік Қазақстанның да спортшылары бар.
2014 жылы Астанада өткен құрлық біріншілігінде екі спортшымыз чемпион атанған болатын. Ол кезде жарысқа қатысушылар үш салмақ бойынша ғана сынға түсе алды. Ал биылғы сайыс 5 салмақ дәрежесінде өтіп, аспан асты елінде үш бірдей жерлесіміз алтыннан алқа тақты. Жарысқа қатысу оңай болмаған. Әсіресе, шекараға келгенде жылқыларды алып өту қиынға соққан.
Ғани Ахметбаев, ОҚО ұлттық спорт түрлері мектебінің директоры: «Шекарадан аттарымызды алып өту мүмкін болмады. Сол себепті Қытайға барып, жаттығу барысында біздің палуандарға сай келетін жылқыларды таңдап алдық. Дегенмен, жеңіске жете алдық. Бұл біз үшін үлкен жеңіс деп ойлаймын.»
Үш чемпионнан бөлек Жанбатыр Бекмұсаев «Үздік төреші» номинациясын жеңіп алды. Ал абсолют чемпиондыққа таласуда жерлесіміз Сырым Ізбасаров моңғолдың белді палуандарынан басым болған. Сонымен қатар Түймебек Жұмалиев, Біржан Қосалиев та алтыннан алқа тақты.
Енді жерлестеріміз «Ұлы дала көшпенділері» атты халықаралық жарысқа дайындық үстінде. Бұл турнир қыркүйек айына жоспарланған. Ал келесі Азия чемпионаты екі жылдан кейін Моңғолияда өтеді.