Úı ANONS «Жанг санъати»: Шымкентте 14 елдің қатысуымен Азия чемпионаты өтті

«Жанг санъати»: Шымкентте 14 елдің қатысуымен Азия чемпионаты өтті

Шымкентте алғаш рет «Жанг санъати» жекпе-жегінен Азия чемпионаты өтті. Дүбірлі додаға Азияның 14 елінен ең мықты спортшылар жиналған. Бұл турнирдің маңызы бөлек. Жарыс ел мүддесіне қызмет еткен Мұрат Ормановты еске алуға арналып отыр. Ерекшелігі де бар — боз кілемге жеті жасар бүлдіршіндер де шықты. Толығырақ сюжеттен көріңіз

Шымкентте алғаш рет «Жанг санъати» жекпе-жегінен Азия чемпионаты өтті. 14 мемлекеттен келген мыңға жуық жас спортшы алаңда өзара мықтыны анықтады. Жарыстың алғашқы күні отандық спортшылар үшін жеңісті болды. Солардың бірі — 13 жастағы Әсима. Ол өз салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тағынды.

ӘСИМА ЖАСҰЗАҚ, САЙЫС ҚАТЫСУШЫСЫ: «Жарыс өте тартысты өтті, қарсыластарым да мықты болды. Бірақ мен барымды салып, алтын медаль иелендім. Бұл спортпен айналысқаныма екі жарым жыл болды. Маған «Жанг санъатиінің» қауіпсіздігі мен ерекше стилі ұнайды. Сондықтан жаттығуды тоқтатпай, алдағы уақытта да биік белестерді бағындырғым келеді».

«Жанг санъати» — ежелгі жауынгерлік дәстүр мен заманауи спортты біріктіретін жекпе-жек түрі. Дене шынықтырумен қатар, рухты шыңдауға бағытталған бұл өнер бүгінде Азия елдерінде кеңінен танымал. Бұл халықаралық дода биыл да Шымкент қаласында ұйымдастырылды. Чемпионатта Корея, Қытай, Филиппин және Пәкістан секілді 14 мемлекеттің спортшылары бақ сынасты. Сондай-ақ халықаралық федерация өкілдері дайындық барысы мен ұйымдастыру деңгейіне жоғары баға берді.

ПОЛАТ УСМАНОВ, «ЖАНГ САНЪАТИ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Ең алдымен, осынау айтулы доданы жоғары деңгейде өткізіп жатқан  ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Өздеріңіз көріп тұрғандай, бұл — балалар үшін нағыз мереке. Биыл біз Азия чемпионатын Шымкентте өткізіп жатырмыз. Қатысушылардың деңгейі өте жоғары: Оңтүстік Корея, Пәкістан және Үндістаннан келген спортшылар өте мықты. Бірақ бір нәрсені Қазақстанда да бүгінде әлемдегі ең үздік саналатын спортшылары бар.  Бұл біз үшін үлкен мәртебе».

Азия чемпионатының тағы бір мақсаты — ел мүддесіне қызмет еткен Мұрат Ормановты еске алу. Биылғы додаға 7 жастан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Жанг санъати» спортының таңдалуы кездейсоқ емес. Бұл жекпе-жек түрі өскелең ұрпақ үшін өте қауіпсіз әрі халықаралық достықты нығайтуға таптырмас құрал.

АНАРБЕК ОРМАН, «СУ РЕСУРСТАРЫ – МАРКЕТИНГ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ: «Біздерге соғыс керек емес. Біздерге жастарымыздың осы қазірден бастап осы спорт саласында үлкен жарыстарға қатысып, сол өздерінің мемлекеттерін туын аспанға желбіретіп, мемлекеттің атын шығарып жатса қандай керемет».

Шымкентте алғаш рет ұйымдастырылған бұл халықаралық дода бұдан былай дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілмек. Ережеге сай, чемпионат алдағы уақытта қатысушы елдерде кезектесіп ұйымдастырылады. Боз кілемдегі басты мақсат — спортшылар арасындағы достық пен татулықты нығайту.

Ботакөз Әнуар