Шымкенттегі демалыс орындарының саны артып келеді. Металлургтер сарайына қарсы орналасқан демалыс орны пайдалануға берілді. Осылайша Абай ауданын әкімдігіне қарасты аллеялардың саны артты. 1 Мамыр көшесі бойыннан ашылған ашық алаңды жөндеуге 25 миллион теңге жұмсалған.
Белжан Төреқұлов жаңа демалыс орнының күтіміне жауапты. Бекітілген аумақты тып-тиянақты етіп ұстауға күш-қайратым жетеді, дейді коммуналды қызмет саласында 8 жыл жұмыс істеген қызметкер. Ол күнделікті жасыл желекті суарып, гүлдердің түбін қопсытады.
Металлургтер сарайына қарама-қарсы орналасқан демалыс орнының құрылысын «ТурАхмет «компаниясы жүргізді. Қала әкімдігінің тапсырысымен бастауын алған нысанның құрылысына 25,2 млн теңге жұмсалған. Бүгінде бұл маңай Абай ауданы тұрғындарының сүйікті орнына айналған. Олар таңғы және кешкі самалда осында серуен құрып, тынығады.
Жобалық-сметалық құжатқа сәйкес мұнда су бұрқағы кесте бойынша жұмыс істейді. Яғни, кешкі сағат 20:00-ден 23:00-ге дейін қалалықтарға өз самалын сыйлайды. Арасында жарты сағаттық үзілісі бар. Абай ауданы әкімдігі халықтың тынығуына жағдай жасау мақсатында өзге де елдімекендерде демалыс орындарын ашуды жоспарлап қойыпты.
Нұрлан Тілеш, Абай ауданы әкімінің орынбасары: «Шұғыла елдімекенінде демалыс орнын ашпақ ойдамыз. Жаңаталапта «Шымкент-құс» мекемесімен бірлесіп, 2 гектар жерде демалыс аумағын салып, халықтың игілігіне тапсырмақпыз.»
Жаңа аллея қалалықтардың көңілінен шығып тұр. Осылайша Шымқалаға көрік берген демалыс аймақтарының саны артты.