Балалар арасындағы «Қазақ романсиадасы» басталды

Балалар арасындағы

Шымкентте балалар арасындағы облыстық «Қазақ романсиадасы» байқауы басталды. Биыл он тоғызыншы рет дәстүрлі түрде өткізілген конкурсқа кәсіби білім алатын үміткерлер мен орта білім алушылар қатысуда. Барлығы 40-қа жуық өнерпаз қазақ-орыс тілдерінде екі шығармадан орындайды.

Балалар арасындағы "Қазақ романсиадасы" басталды

Романсиада ұйымдастырушылары – облыстық славян этно-мәдени орталығы. Олардың айтуынша, романс орындауға деген балалардың қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Қуаныштысы сол, биылға байқауға Мақтаарал ауданы мен Қызылорда облысынан келген балалар да қатысып, бағын сынауда.

Балалар арасындағы "Қазақ романсиадасы" басталды

Ұйымдастырушылар осылайша балаларды ерте жастан өнерге баулымақ. Алғашқылардың бірі болып сахнаға шыққан Ернұр Молдағалидың вокалдан сабақ алғанына 2 айдың жүзі болыпты. Соған қарамастан ерекше құлшыныспен келген жас өнарпаз қазақтың халық әні «Ақбақайды» нақышына келтіре орындап шықты. Үміткердің бойында қорқыныштан гөрі, жеңіске жетем деген үміті басым.

Ернұр Молдағали, балалар романсына қатысушы:  «Жетекшіммен алдымен орындайтын романс таңдадық. Қайта-қайта орындап, даусымның ашылуы үшін көптеген жүмыстар жасадық. Бүгін ойдағыдай орындап шықтым. Романс байқауына алғаш рет қатыстым. Жеңемін деген үмітім де бар.»

Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы жолы Қызылорда облысынан келген жеткіншектер де болды. Бұл байқауда шығарманы тек нақышына келтіріп орындау аздық етеді. Әрбір орындаушыға қойылатын талап жоғары.

«Балалар романсы» конкурсы бір күнде аяқталды. Оның жеңімпаздары үлкен сахнаға шығуға мүмкіндік алып, 23 қазан күні ересектер арасында өтетін «Қазақ романсиадасы -2016» байқауының гала концертіне қатысады. Сол күні де өнерін көпке ұсынады.