Күнгейде «Менің Қазақстаным» халықаралық ән байқауы басталды

778

Күнгейліктер тарихи сәттің куәгері болды. Дәлірегі – «Менің Қазақстаным» өнер байқауы биыл тұңғыш рет халықаралық дейгейде қолға алынды. Қазақ вальсінің падишаһы, әйгілі сазгер Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына үңілу, тұщымды туындыларын ел арасында кеңінен насихаттауды көздеп, ұйымдастырылған сайыстың алғашқы күнін біз де бақылап қайттық.

Марьям Точиева – ингуш ұлтының өкілі. Сахна төрінде Шәмшінің сырлы әні – «Өмір өзенді»орындап, халықаралық «Менің Қазақстаным» ән байқауында Ақмола облысы, Атбасар қаласының намысын қорғады.

Марьям Точиева
Марьям Точиева

Марьям Точиева, «Менің Қазақстаным» халықаралық ән байқауының үміткері: «Сахнада үлкен қобалжу, толқуды сезіндім. Бірақ, көрерменнің қошеметі мен қазылар алқасының құрметін көргенде, бұл сезімдер сейілгендей болды. Ал әнді орындағанда ғашығыма деген сүйіспеншіліктен бөлек, еліме, ен далама деген махаббатымды жеткізгім келді. Алла жазса, бас жүлдені жеңіп алсам, қаржыны Шәмшінің тың туындыларын табу үшін, оны ел арасында кеңінен насихаттау мақсатында жұмсаймын деген жоспар бар.»

Өнер бәсекесіне төрткүл дүние – Қытай мен көршілес Ресей және Қырғызстан сынды елдерден 60 өнерпаз жолдама алған. Қатысушыларың дарын-қабілетін бағалау Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов бастаған төрт бірдей мәдениет майталманына жүктеліпті. Сазгердің перзенті Әбілқасым Қалдаяқов та төрешілерге ұсынылған төрден табылды. Қазылар алқасының айтуынша, сайыста үміткерлердің әнді орындау шеберлігі ғана емес, әуеннің танымал әншілерден ұрланбауы да қадағаланады. Сахналық киімдер де ерекше ескерілмек.

Нұрғали Нүсіпжанов, халық әртісі: «Қатысушыларға қойылған ереже бойынша, олар бірінші кезеңде Шәмші Қалдаяқовтың шығармасын орындауы қажет. Ал екінші бөлімде еркін тақырыпта ән айту міндеттелген. Осы орайда олар шетелдің шығармасын да шырқап жатыр. Бірақ оны да нақышына келтіре айту қажет қой, ал біз басымдықты Шәмшінің әндерін шебер орындаған таланттарға қоямыз».

Өнер иелерінің талантын таразылап, түпнұсқа туындылардың ара-жігін ажыратушылар – көзі қарақты көрермендер, тыңдармандар арасынан әйгілі композитордың 35 жыл отандасқан аяулы жары да табылды. Жәмила Қалдаяқова жолдасының құрметіне арналған мәдени шараның биыл 25-рет өтіп жатқанына куәгер екенін айтып, марқайды.

Жәмила Қалдаяқова, Ш.Қалдаяқовтың жары: «Көзіме жас келіп тыңдадым ғой әндерді. Есіме жолдасымның «Сыр сұлуы» әнін жазып, маған орындап берген сәті түсті. Алдымен өзі айтып, соңынан маған жаттатушы еді. Қазір сол әнді жастардың орындауында қайта естідім, разымын! Жақсы әсер алдым.»

«Менің Қазақстаным» халықаралық ән байқауы енді 7 қазан күні мәресіне жетпек. Жеңімпаздар «Арыс жағасында» ретро-фестивалі аясында марапатталады. Ал бас жүлде иегеріне 1 миллион теңге қаржылай сыйлық тағайындалған.