Президент әкімшілігінің инспекторы азаматтарды қабылдады

288
Президент әкімшілігінің инспекторы азаматтарды қабылдады

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында Қазақстан Президенті әкімшілігініѕ мемлекеттік инспекторы Мұрат Имандосов қоғамдық қабылдау өткізді. Жеке және қоғамға ортақ мәселелермен келген азаматтар инспекторға өз құқықтарын қорғау және белең алған сыбайлас жемқорлық, құқық қорғау органдары өкілдерінің заңсыз әрекеттеріне қатысты шағымдарын жеткізді.

Астаналық инспектор азаматтарды қабылдайды дегенді БАҚ-тардан оқып, білген жерлестеріміздің бірқатары қабылдауға бірден кіре алмады. Олар өз шағымдарын алдымен тілшілерге жеткізуге тырысты.

Ресми жарияланған бұл шараны тілшілер де бірден түсіре алған жоқ. Рұқсат алуға айтарлықтай уақыт кетті. «100 нақты қадам» ұлт жоспарындағы билікпен атқарылып жатқан іс шаралар ашық, жариялы болуы тиіс тапсырманың орындалуы құпия ма деген сауалды осында жиналған көптің әрбірі қойып үлгерді. Өз өтініштерін арқалай келгендердің наразылығын тудырған да осы тұс еді. Жауаптылардың неге мұндай әрекетке барғаны түсініксіз күйінде қалды.

Президент әкімшілігінің инспекторы азаматтарды қабылдады

Сонымен, арызданушылардың басым бөлігі – сауалдарымен тиісті мекемелердің табалдырығын тоздырғандар. Солардың бірі – Шымкент қаласының тұрғыны Диля Шукурова құқық қорғаушылардың заңсыз әрекеттеріне наразы. Көп балалы ана көлік қағып, қаза болған қызының өліміне кінәлілер жауапқа тартылмай жүр дейді.

Мемлекеттік инспектор арыздардың барлығы дерлік бақылауда болатынын және ол бойынша міндетті түрде жазбаша жауап берілетінін айтты.

Қабылдауға қатысқан сала мамандары өздеріне қатысты тұстар бойынша тексеру жүргізеді. Егер шағымдарда көрсетілген фактілер расталса, онда дер кезінде шешуге немқұрайлық танытқан мемлекеттік қызметкерлер жауапқа тартылады. Мемлекеттік инспектор Мұрат Самұратұлының қабылдауы мұнымен аяқталған жоқ. Президент әкімшілігінің маманы сайрамдық тұрғындарды да тыңдау үшін ауданға аттанды.