Еңбекші ауданының әкімі Ғалым Ілиясов Бадам-1 елдімекенінде халықтың алдында есеп берді. №105 орта мектептің шағын ғана акт залына бүкіл Еңбекші ауданының белсенділері сыйып кетіпті. Әкім 2016 жылы атқарылған істерін ортаға салса, халықтың да билік басындағыларға қояр сауалы бар.
Басты мәселе — Абдулабат ауылындағы қалаға қатынайтын көлік мәселесі мен орта мектептің қирап тұрғаны болды. №101 білім ошағының мән-жайы өткен жылғы жиында да көтерілген. Алайда, әлі күнге дейін шешімін таппапты. Абдулабат ауылы қала аумағына кіргенімен ол жердің халқы өзін әлі де шаһарлық етіп сезіне алмауда. Автобустар жүрмейді, ал оқушылар көрші ауылға таксимен немесе жаяу қатынауға мәжбүр.
№101 орта мектепте стадион да қарастырылмаған. Ал әкімдік өкілдері білім ошағын салуға жер іздеумен әлек. 2018 жылға дейін негізгі құжаттар дайындалса құрылыс басталуы да әбден мүмкін. Еңбекші ауданына қарасты қала шетіндегі елдімекендерде су, жылуға қатысты проблемалар бітер емес.
Сонымен қатар бағдаршам және электр жүйесін де ретке келтіру қажеттігі алға тартылды. Дегенмен, Ғалым Ілиясовтың есебі қабылданып, Еңбекші ауданының халқы әкімнің жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.
Сарбиназ Алдабергенова