Cаяси қуғын-сүргін құрбандарына «Ақталған азамат» куәлігі берілуде

633
Cаяси қуғын-сүргін құрбандарына

Жазықсыз саяси қуғын сүргінге ұшыраған азаматтардың отбасына үкімет тарапынан қолдау көрсетіледі. Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметіне жүгінсек, облыс орталығында бұл санатқа жататын азаматтардың саны 1400-ден асады.

Құжаттарды тапсырып, «Ақталған азамат» куәлігін алғандар қоғамдық көлікте тегін қатынайды және республика аумағында ұшақ пен пойыздарда жылына бір рет тегін жол жүруге құқығы бар.

Солардың бірі Ман-Бок Лиге «Ақталған азамат» куәлігі Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде берілген. Ол үшін тиісті құжаттарды жинап, көршілерінің нұсқауымен бөлімге барғанына қуанады. Себебі, сол уақыттан бастап куәлігімен қоғамдық көлікте тегін жүреді.

Ман-Бок Ли, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтың ұлы: «Ақталған азамат» куәлігін ақпан айының басында берді. Құжатта қуғын-сүргінге ұшырап, кейін ақталған азаматтарға қолданыстағы заңдарға сәйкес жеңілдіктер қарастырылған деп жазған екен. Ол қандай жеңілдіктер екен, соны білейін деп едім. Жарты ғасырдан кейін үкімет тарапынан көрсетіліп отырған бұл қолдауды әкем де, анам да көрмей кетті ғой. Енді оның шарапатын біздер, балалары көріп отырмыз.»

Соңғы 20 жыл бойы Шымкентте тұратын 67 жастағы азамат ата-анасын жиі еске алады. 1937-38 жылдары Оңтүстік Кореядан Қиыр Шығыс арқылы Кеңес Одағы жеріне қоныс аударуға мәжбүр болған. 20 жылдай Ташкентте, одан кейін Қызылордада тұрған. Аштық пен жоқшылықтың азабын қазақ отбасыларымен бірге көрді. Қуғынға ұшыраған кәрістердің ол кезде бір бірімен араласуға мүлдем мүмкіндігі болмағанын айтып налиды.

Ман-Бок Ли, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтың ұлы: «Ата-анамның тағдыры өте ауыр болды. Киетін киімі, жейтін тамағы болмады, бірақ, рухы биік еді. Мойымады. Шындығында, олар түгілі, бері келе, 50-жылдары дүниеге келген маған да оңай болған жоқ. Қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарға қандай қысым жасалғаны бүгінде аз айтылып жүрген жоқ. Оған да шүкір…»

Кеңес Одағы дәуіріндегі солақай саясаттың салдарынан қуғын сүргінге ұшыраған азаматтардың отбасыларына жасалған қиянат пен әділетсіздік уақыт өте ашық айтылып, бағасын алды. Бірақ қанша азаматтың сағы сынды, соңынан ұрпағы да қалмады. Тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстанда сол кезеңнің құрбандары болған азаматтардың соңынан қалған жандарға аз да болса, қамқорлық көрсетіле бастады. «Ақталған азамат» куәлігі ата-аналары үшін Ман-Бок секілді жерлестерімізге берілуде.

Ұлдана Бекбау, Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі: «2015 жылдың 2 сәуірінде шыққан қаулы бойынша саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарға «Ақталған азамат» куәлігі беріледі. Оны алу үшін мекенжайы бойынша анықтама, жеке куәлігі және соттың шешімі, облыс прокуратурасының анықтамасын тапсыру қажет. Жеңілдіктерден қоғамдық көлікте қатынау тегін және республика аумағында ұшақ, пойызбен бір рет жүру тегін.»

Бауыржан Қуанышбеков, Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы: «Ақталған азаматтарға бір реттік жәрдемақы төлеу бойынша қалалық мәслихатқа ұсыныс жасадық…»

«Ақталған азамат» куәлігін алу үшін құжаттарды Жангелдин көшесіндегі №13 ғимаратта орналасқан Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне тапсыру керек. Қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарға үкімет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктерге қатысты сұрақтар туындаса, 56-25-39 телефонына хабарласуға болады.