Отырар кітапханасында Тұрсынай Оразбайқызының әдеби бұрышы ашылды

670

Биыл жерлесіміз, белгілі ақын Тұрсынай Оразбайқызының туғанына 67 жыл толды. Қаламгердің құрметіне орай облыстық Отырар кітапханасының төрінен  әдеби бұрыш ашылды. Салтанатты шараға арнайы келген оқырмандары мен қаламдастары ақынның есімі мен еңбегін еске алды.

Алдымен зиялы қауым, ақынның қаламдастары мен оқырмандары жиналып, Тұрсынай Оразбайқызының шығармашылығына арналған бұрышты құрметпен ашты. Осылайша «Отырар» кітапханасының төрінде енді қаламгердің еңбектері мен өмірдерегі кеңінен жазылған жазбалар сақталмақ. Ал осы айтулы тарихи сәттің куәгерлері қатарынан жерлестері ғана емес, ақынның туған әпкесі де табылды.

Ілескүл Оразбаева, Т.Бопованың әпкесі: «Әсерімді сөзбен айтып, жеткізе алмаймын. Көзіме еріксіз жас келді. Осы бір жобаны қолға алған азаматтарға алғысымды білдіремін. Тұрсынайдың өзі сөзге шешен, қамқор, жанындағы жандардың барлығын өзінің қамқорлығына алып жүретін. Жанашыр еді. Мен 11 жасымда ол дүние есігін ашқан соң, сіңілімнің әрбір қадамы көз алдымда».

Сезімді гүлге теңеп, сұлулықтың сырын ұққан ақын еңбек жолын Шымкенттегі Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрынан бастады. «Қара шаңырақта» әдебиет бөлімінің меңгерушісі болды. 1970-1980 жж. облыстық радио комитетінде және облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында әдеби қызметкерлікті де атқарды. 80-жылдары «Қазақ радиосының» әдеби-драмалық хабарлар бас редакциясында редактор ретінде еңбек етті. Мәскеудегі Халықаралық Жазушылар одағының қауымдастығында қазақ әдебиеті бойынша кеңесшісі болды. Қазақстанның сондағы өкілі ретінде әдебиет әлемінде еңбек еткен Тұрсынай Оразбаеваны қазір қаламдастары қазақ поэзиясындағы қайталанғысыз қолтаңбасы бар ақын деп мойындайды.

Нармахан Бегалиев, Қазақстанның жазушылар одағының мүшесі, ақын: «Достық пен ынтымақты, елдер арасындағы алауыздықты бұғаттауды шебер жазған ақын еді. Қолтаңбасы ерекше, тіл тазалығын құнттады. Оның мектеп кезінде жазған «Ана тілім» өлеңін шетелдегі қандастарымыз әлі күнге әнұран етіп айтып жүр».

Фадеев атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты, халықаралық «Алаш»  сыйлығының иегері Тұрсынай Оразбаева осыдан 2 жыл бұрын, 65 жасында өмірден озды. Қаламгердің бүгінде «Ғашық әнім», «Іңкәр жүрек әуені», «Нұрлы әнім», «Тұңғыш кітап » сынды 4 бірдей жыр кітабы жарық көрген.