Қазақ халқына алғыс жауған күн

Қазақ халқына алғыс жауған күн

1 наурыз – көктемнің алғашқы күні – Қазақстанда ізет пен құрметке толы алғыс айту күні. Бұл – өткен ғасырдың 1920-40 жылдары өзге елдерден жер аударылып келген түрлі этнос өкілдерін жат деп жатсынбай, бір үзім нанды бөліп жеп, қамқорлық танытқан Қазақ еліне алғыс жаудырған күн.

Еліміздегі мерекелер тізбесіне жаңадан қосылған айтулы дата облысымызда ерекше сән-салтанатпен аталып өтті. Іс-шара 200-ге жуық жас пен оқушылардың, әртістер мен барлық мәдени орталық өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылды.

130-дай ұлт пен ұлысқа пана болып, төрінен орын берген Қазақтың жақсылығын ұмытқанның ісі де оңбас, тірлігі де түзелмес! Мұны әр сөзіне, тілегіне қосып, тілге тиек еткен жерлестеріміз ерекше ыждаһаттылыөпен жеткізуге тырысты. Олардың Қазақ халқына алғысы шексіз. Оңтүстікте тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан 68 мыңдай түрік бауырлардың басын қосып отырған азаматтардың бірі – Латипша Асанов.

Латипша Асанов, түрік мәдени орталығының төрағасы: «Біздің аталарымыз, шешелеріміз қиын-қыстау кезеңдерді кешірді. Сонда Қазақ халқының көрсеткен қамқорлығы, көмегі туралы жиі айтып отыратын. Қазақ халқының жақсылығын ұмытпаңдар дейтін. Сондықтан, біздің алғысымыз шексіз. Бүгінде алғысты Елбасына, дос-жаранға айтамыз».

Қазақ халқына алғыс жауған күн

1 наурыз алғыс күні деп жарияланбай тұрып Қазақстан халқы ассамблеясының құрылғаны күні ретінде атап өтілетін. Қос датаның байланыстырылуы да тегін емес. Өйткені бұл тек күнтізбеде белгіленген дата емес, тарихға үңілу, оның мәні мен маңызын дәріптеуге арналған. Сондықтан Елбасының шешімімен биыл екінші рет аталып өтіп жатқан ұлт пен ұлысты жарастырып, жақындастыра түсетін қадамның ролі орасан.

«Бауырмал ел – Қазақстан» атты театрландырылған қойылымның үлкенге де, жасқа да берер тағылымы мол. Тарихтан сыр шертетін көрініске ұл-қыздардың қатысқаны да жүрегіңді елжіретіп, көңіліңді қуантады. Әрқайсысы осылай өз ата-бабалары бастан кешірген қиындық пен төзімділікті ұғына алады деген тілек бар. Әрбірінің тілегі тыңдалған бұл қойылым «Ынтымақ пен бірлікті» насихаттайтын концертке ұласты.

Ахметжан қажы Пірәліұлы, ОҚО өкіл имамы: «Асыл дінімізде де бұл туралы ерекше жазылған. Өйткені «Адамдарға алғыс айта алмаған, Аллаға шүкір айта алмайды» дейді. Яғни бір-бірімізге алғыс айта білуіміз керек. Айналамыздағыларға пайдамызды тигізе білуіміз керек. Бұл – мұсылмандарға тән қасиет».

Мерекелік шарада өткен ғасырда Қазақ жеріне күштеп қоныс аударылған миллиондаған халықты өз бауырына басып, бір үзім нанын тең бөліскен Қазақ халқының дархандығын,  айтулы күннің мән-маңызын бейнелейтін «Қазақ еліне мың алғыс!» бейнеролигі көрсетілді. Сонымен қатар Оңтүстік өңірде туып, бүгінде өзге елде тұрып жатқан ұлт өкілдерінің тілек-ниеттері топтастырылған бейнежолдау да жұртшылық назарына ұсынылды. Ал 200-ден аса студент  «Мың алғыс» флешмобына қатысып, бейбітшіліктің белгісі ретінде 1000 шарды әуеге ұшырды.

Жиналғандар «Миллиондар үшін құтты қонысқа айналған Қазақ топырағында тұрақтылық пен тыныштық, достық баянды болсын» деген тілекпен тарқасты.