Азаматтарды уақытша тіркеу жалғасуда

303
Оңтүстікте мобильді халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын бастады

Облыстық ішкі істер департаментінің көші-қон полициясы басқармасының мәліметінше, бүгінгі күнге Оңтүстікте 95 694 азамат мекенжайы бойынша тіркеуге тұрған. Олардың ішінде 31 890 азамат – уақытша тіркеуге алынғандар. Мамандар тұрғындарға бұл шара әлі де жалғасып жатқанын ескертеді.

Халыққа қызмет көрсету орталығындағы Абай аудандық көші-қон полициясы бөлімінің мамандары өтініш білдірген азаматтарды тіркеуге алуда. Осыдан 1 ай бұрынғыдай емес, қазір ұзын-сонар кезек жоқ. Тіркелу мерзімі бірінші наурызға шегерілгені белгілі. Осыны ескерген жетісайлық Күнсұлу Айқожаева Шымкенттегі баласының үйіне бір сәтте тіркелді.

Тіркеу қағидаларын бұзғандарға көрілетін шара тіркеусіз жүрген азаматтарды тез қимылдап, мекенжайлары бойынша есепке тұруына мәжбүр етті. Осыған байланысты халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс уақыты әдеттегіден ұзарып, тіпті, азаматтарға медициналық көмек көрсету де қарастырылған болатын.

Алайда бүгінде орталықтарда жағдай тұрақталған. Айтарлықтай кезек те, у-шу да байқалмайды. Өтініш білдірген азаматтарға қызмет көрсетіліп жатыр.

Қазақстандағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 492-бабында былай көрсетілген: Қазақстан Республикасы азаматтарының бір айдан астам мерзімде жеке куәлiксiз немесе жарамсыз жеке куәлікпен не тұрғылықты жері бойынша, уақытша тұратын жері бойынша тiркеусіз тұруы жеті айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Қарапайым тілмен айтқанда, кез келген азамат уақытша бір жерде 10 күннен артық, 30 күнге жетпейтін уақыт тұрса, ескерту жасалады. Бір айдан асып кетсе, айыппұл салынады. Бір АЕК – 2 269 теңге.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 493-бабы:

1. Тұрғынжай меншік иесінің немесе қарамағында тұрғынжайлар, ғимараттар және үй-жайлар бар басқа да тұлғалардың меншiк иесiне тиесілі немесе басқа да тұлғалардың қарамағындағы тұрғынжайларда, ғимараттарда және үй-жайларда нақты тұрмайтын жеке тұлғаларды тiркеуге жол беруi – жеке тұлғаларға – он, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – он бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жиырма бес, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.