Оңтүстіктің дәрігерлері буынға ота жасауды үйренуде

405
Оңтүстіктің дәрігерлері буынға ота жасауды үйренуде

Өңір дәрігерлері енді жамбас пен тізеге жасанды буын қою операциясын қолға алып отыр. Тың тәсілді жергілікті мамандарға Ресейлік білікті дәрігер үйретеді. Осыған дейін мұндай әдіспен ота жасалған 10 науқас бүгінде тәуір дейді ақ халаттылар.

Осыдан үш күн бұрын шетелдік дәрігерлер 68 жастағы Күләйім Шокимованың буынын ауыстырған. Кейуана қазір жағдайым тәуір болып қалды дейді. 20 жылдан бері тізесі сырқырап, жиі мазалайтын ол төсек тартып жатып қалғанын айтады. Енді сырқатынан айығып, өз аяғымен жүре алатын жағдайға жеткен апаның төбесі көкке жетіп отыр.

Статистикалық мәліметтер жамбас пен тізе ауруы дүние жүзі бойынша жүрек-қантамыр дертінен кейінгі екінші орынға шыққанын көрсетеді. Дәрігерлер бұл дерттің 50 мен 60 жас аралығындағы науқастарда жиі кездесетінін айтады. Ауру асқына түскенде тек ота жасау арқылы сырқаттың бетін қайтаруға болады дейді ақ халаттылар. Эндопротездеу операциясын енді жергілікті мамандар да игеріп, іске асыруға қол жеткізіп отыр.

Айта кетейік, облыста бүгінде халықтың шамамен 15 пайызы мүгедектікке әкелетін деформациялық артроздың бірнеше түрлерімен диспансерлік есепте тұрады. Мамандар бұл отаның жөні бөлек, сондықтан күрделі операцияның қыр-сырын жіті меңгеру үшін біліктілікті арттырып отыру маңызды дейді. Ал осындай күрделі ота жасалған 10 науқастың жағдайы жаман емес деп сендіреді дәрігерлер.

Мақпал Рысбаева