Оңтүстіктің жолдары қаншалықты жарамды

236
Шымкентте жолдарды жөндеу басталды

Оңтүстіктегі облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 64 пайызы қанағаттанарлық жағдайда, тиісінше, 36 пайызы жарамсыз. Бұл туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұрлан Байғұт мәлімдеді. Арнайы жиналыс өткізген сала басшысы тілшілерді өңірдегі жолдардың жөнделу барысымен таныстырып шықты.

Қалай десек те Байғұт мырза жол сапасына шаң жуыптады. Айтуынша, біздегі құрылыс жұмыстары барлық талапқа сай жүргізіледі. Тек көлік нөпірі мен күнгейдің климаттық ақуалына кей нысандар шыдамай, сыр береді екен.

Нұрлан Байғұт, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Бізде күндіз + 10 градус болса, түнде – 10 градус болуы мүмкін. Түнде мұз қатып, жолдар ыдырай бастайды.»

Көпірлердің жағдайы да көңіл көншітпейді. Облыстық маңызы бар жолдардағы 420 нысанның бүгінде 120-сы жарамсыз жағдайда. Екі көпір тіпті апатты жағдайда деп танылып отыр.

Нұрлан Байғұт, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Сарыағаш ауданында 2 көпір апатты деп танылып отыр. Бұл мақсатқа қаражат қаралған, алдағы уақытта жөнделеді.»

Облыс аумағы арқылы өтетін Батыс Европа-Батыс Қытай халықаралық транзиттік көлік дәлізі биыл толықтай іске қосылады. Әзірге 85 пайызға дайын бұл жолдардың құрылысы мерзімінен кешеуілдеп тапсырылғанын сала мамандары да мойындайды. Басқарма басшысы мұны қаражаттың қаралуымен байланыстырып отыр.

Ал Шымкент қаласындағы Байтұрсынов көшесін 4 жолақты етіп, кеңейту жоспары әлі тоқтап тұр дейді жауаптылар. Мұндай мегажобаны іске асыру үшін тараптардың мүдделері ескеріліп, жіті зерделеу жұмыстары жүргізілуі тиіс екен. Айта кетейік, биыл салаға бюджеттен 29 млрд теңге қаралып, оған 550 нысан жөнделмек. Осылайша жыл аяғына дейін облыста 1,5 мың шақырым жол жөндеуден өтіп, 10 көпірдің құрылысы қолға алынатын болады.

Мақпал Рысбаева