Халықаралық әйелдер күнін «Ордабасы» клубының футболшылары жеңіспен атап өтті. Биылғы маусымда құрамы түгелдей дерлік өзгерген клуб алаңға жаңа ойыншыларды да шығарды. Ойын нәтижелі болды.
Қажымұқан атындағы орталық стадионға 10 мыңға жуық жанкүйер жиналды. Бұл жерлестеріміздің үлкен футболды сағынғанының белгісі болса керек. Оның үстіне алғашқы матчта шымкенттіктер дәстүрлі қарсылас «Астанамен» кездесті. Былтырғы маусымдағы ел чемпиондары суперкубок финалында «Қайратқа» жеңіліп, енді бұл ойында жеңіске жетуі тиіс болатын. Алайда, бұл жоспардың 8 наурыз күні іске асуы бұйырмаған екен. Ойындағы есепті Мардан Төлебек ашты.
Жергілікті футболшының голы Ненад Эричтің қақпасына бағытталған бірнеше соққымен жалғасты. Дегенмен, есеп еселенбеді. Осылайша алғашқы таймда қос команданың ойыншылары жалғыз голмен шектелді. Қонақтардың шабуылдары да нәтиже бермеді. Шымкенттік қорғаушылар өз орнынан дер кезінде табылып жатты.
«Ордабасымен» ойында елордалық қақпашының жолы болмай-ақ қойды. Шымкенттік капитан Азат Нұрғалиевтің голынан кейін араға 6 минутты тастап Ненад Эрич, тіпті, қақпадан кетті. Жарақат алған сербиялық легионердің орнын Александр Мокин басты. Оның да бұл күні жолы болмады — арада көп өтпей «ордабасылықтар» үшінші голды қақпаға бағыттады.
Бұл — матчтың 88-минуты болатын. Астаналықтардың тараз басын теңестіруге мүмкіндігі болмады. Осылайша есеп өзгермеді — 3:0. Алаң қожайындарының алғашқы жеңісі.
Шымкенттік клубтың бапкері өз командасы қорғаушысыз қалғанын жасырмады. Александр Симчевич, Самат Смақов пен Мұхтар Мұхтаров жарақат алған. Дегенмен, жанкүйерлер командамен бірге болса, алар белестер аз болмайды дейді жаттықтырушы.
Келесі ойын да Шымкенттің алаңында өтеді. Қазақстан бойынша үшінші орында тұрған стадионда жерлестеріміз «Атырау» футболшыларымен кездеседі.
Сарбиназ Алдабергенова