Қаламыздағы «Ордабасы» футбол клубы мен Назарбаев Зияткерлік мектебі өзара келіссөз жүргізіп, меморандумға қол қойды. Шараның мақсаты – оқушылардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, білім мен спортты ұштастыру. Келіссөз нәтижесінде мектеп оқушылары клубтың еріктісі ретінде ойындарда көмек көрсететін болды.
Енді Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Ордабасы» футбол клубының ойындарына ерікті ретінде қатысатын болады. Қаламыздағы беделді футбол клубы мен білім ордасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Бұл келісім футболға қызығушылығы жоғары жасөспірімдер үшін үлкен мүмкіндік.
Серіктестіктің арқасында алғашқы 15 оқушы «Ордабасы» клубының волонтері атанып, кәсіби спорт әлеміне алғашқы қадамын жасады. Солардың бірі – Даниал Сералы.
ДАНИЯЛ СЕРАЛЫ, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ: «Мен 7 жасымнан бастап футболмен айналысамын. Маған осындай «Ордабасы» клубының волонтері болу мүмкіндігі бұйырғанда, мен бас тарта алмадым. Себебі өзім бұл команданың тұрақты жанкүйерімін. Клубтың тарихы да терең, әрі ол менің футболға деген қызығушылығымды арттырады. Бұл – үлкен тәжірибе беретін, арманыма жақындататын мүмкіндік. Сондықтан өте қуаныштымын».
Жобаның басты мақсаты – жастардың спортқа деген ынтасын арттыру және білім мен спорт саласындағы серіктестікті дамыту. Клуб президенті Асхат Рашидұлының айтуынша, бүгін ерікті ретінде басталған алғашқы қадам ертең ел намысын қорғайтын спортшылардың жолына айналуы мүмкін.
АСХАТ РАШИДҰЛЫ, «ОРДАБАСЫ» ФУТБОЛ КЛУБЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Бұл келіссөз біз үшін үлкен мәртебе. Бағдарламаның арқасында оқушылар командалық рухты дамытып, ауқымды іс-шараларда жұмыс істеуді үйренеді. Сондай-ақ олар клубтың еріктісі ретінде өз алаңдағы ойындарда көмек көрсетіп, билет сату, стадион ішінде бағыт көрсету және матч күніне дайындық сияқты жұмыстарда тәжірибе жинайды. Бағдарлама оқушылар үшін пайдалы мүмкіндік болмақ».
Мектеп басшылығының айтуынша, волонтерлікке іріктеу кезінде оқушылардың футболға деген қызығушылығы мен белсенділігі басты назарға алынған.
ДУЛАТ МҰРАТБЕКОВ, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: «Эко еріктілер бар, біреулері қайырымдылық қорына негізделген волонтерлар бар. Бұл жерде – спорт волонтерлар, яғни спорт жанкүйерлері. Спорт саласына деген өз қызығушылықтарын осындай волонтерлік қызметпен ұштастырған оқушылар».
«Ордабасы» клубының болашақ еріктілері кәсіби спортшылармен бірге жаттығып, футбол ойынын ойнауға мүмкіндік алды. Аталған іс-шара жас буынның физикалық және рухани тұрғыдан дамуына жол ашып, олардың спортқа деген сүйіспеншілігін одан әрі арттырмақ.
Ботакөз Әнуар






