Орталық алаңда әз Наурызға арналған мерекелік концерт өтті

Ұлыстың ұлы күні Шымкенттегі орталық алаңда концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Бұл күні Шымкент жастары түгелдей дерлік алаңнан табылды. Әсем әндер шырқалып, әзілкештер көрініс қойды, өнер көрсетіп, келген халықтың көңілін көтерді.

Сондай-ақ, диджейлер сайысы өтті. Сайысқа қаладағы таңдаулы диджейлер іріктеліп алынған. Оларға қойылған басты талап – Европалық музыкамен шектелмей, қазақы стильдегі әндерді жаңғырту.

Кеш тізгінін оңтүстіктен шыққан өнерпаздар – Олжас Бекбауов пен әзілкеш Марат Достаев ұстады. Жиынға шымкенттіктерге қуаныш сыйлау үшін бүкіл ел көлемінде танымал әншілер Алматыдан арнайы шақырылған. Олардың қатарында Ringo тобы, Серік Ибрагим және Марсель сынды әншілер бар.

Жігіттер мерекелерді гастрольдік сапарларда қарсы алуды дағдыға айналдырғандарын және осындай өмір салтына үйренгендерін айтады. Кеш аяғына қарай жиылған жұрт асыға күтетін, жыл сайынғы дәстүрге айналған отшашуды тамашалады. Соңы жастарға арналған би кешіне ұласты.