Сайлаушылардың депутаттарға айтары бар

324
Сайлаушылардың депутаттарға айтары бар

Шымкент қалалық мәслихаты аппаратының бастамасымен 20 наурызға дейін қалалық мәслихаттың барлық депутаттары өздері сайланған округтердегі сайлаушыларымен кездесу өткізуде. Бұл жиындарда олар бір жылда атқарған жұмыстарымен бөлісіп, көпшіліктің сауалдарына жауап береді. Соңғы кездесу Сайрам тұрғын алабының тұрғындарымен өтті, оған екі бірдей депутат келген. Бірі №24 округтен сайланған Хусанхан Ахматханов болса, екіншісі – №18 округтен сайланған Нұркөз Жаңабаев. Екі депутатқа да сайлаушылардың сауалдары аз болған жоқ.

№24 сайлау учаскесінен сайланған Хусанхан Ахматханов бұрын осы Сайрам елдімекенінің әкімі қызметін атқарған. Ауылдың тыныс-тіршілігімен жақсы таныс. Десе де депутат болып, көпшіліке есеп беруге келгенде ауқымды істерден гөрі жасаған қайырымдылық іс-шаралары мен ораза айында берілген ауызашарлары туралы көп айтты.

Ал Шымкент қаласына жаңа қосылған бұл елдімекендерде күрмеуі көп мәселелер шаш-етектен. Шаһармен қатынастың қиындап кеткенін, қоғамдық көліктердің жүрмейтінін және жолдың сапасыздығын ауыл ақсақалдары бірінен кейін бірі шығып, ашына жеткізді.

№18 сайлау округінен келген депутат Нұркөз Жаңабаевқа да сайлаушылардың айтары аз болған жоқ. Жалпы, Шымкент қаласының аумағына төрт ауданнан 40-қа жуық елдімекен, 140 мыңға жуық халық қосылған. Соның басым бөлігі – осы Сайрамнан. Ал қала басшылығының басты міндеті ауыл тұрғындарының тыныс-тіршілігін мейлінше қалаға жақындастырып, жағдай жасау. Ал депутаттар соған мұрындық болуы тиіс.

Нұрлан Жаңабай