EXPO-2017 көрмесіне Оңтүстіктен жасыл экономика бағытындағы 5 жоба қатысады

479
EXPO-2017 көрмесіне Оңтүстіктен жасыл экономика бағытындағы 5 жоба қатысады

Қазақстанды дүниежүзіне танытатын ЭКСПО — 2017 халықаралық көрмесіне Оңтүстік Қазақстан облысынан жасыл экономика бағытындағы 5 ірі жоба қатысады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ОҚО кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасының туризмді дамыту бөлімінің басшысы Перизат Қонысбаева мәлім етті.

Оның айтуынша, аталған жобаларды «Нұр әлем» ұлттық павильонын толықтыру мақсатында энергетика министрлігі іріктеп, «Астана ЭКСПО — 2017» ҰК» АҚ-на ұсынған. Алдағы уақытта жасыл экономика бағытындағы жобаларды кеңінен таныстыру мақсатында журналистер үшін арнайы пресс-тур ұйымдастырылатынын айтқан спикер қатысатын жобаларды атап өтті.

Олар: «Болашақ энергиясы» «Таза су – өмір бұлағы!» («Су ресурстары — Маркетинг» ЖШС жобасы), «Негізгі су агрегаттарын және қосалқы қондырғыларды кешенді түрде жаңарту» («Шардара СЭС» АҚ), «ПКОП» ЖШС жаңарту жобасының аясында қоршаған ортаны жақсарту бойынша жаңа технологиялар» («ПКОП» ЖШС), «Шымкентцемент» АҚ жаңғырту жобасы аясында қоршаған ортаны жақсарту» («Шымкентцемент» АҚ) және «Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданында қуаттылығы 50МВт күн электростанциясының құрылысы» («Green Energy 3000» ЖШС).

Сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан облысында халықаралық мамандандырылған көрмесіне өңірлік деңгейде дайындалу бойынша іс-шаралар жоспары әзірленіп, сол бағытта тиісті жұмыстардың атқарылып жатыр.

— Жоспарға сәйкес, облыс көлемінде ЭКСПО — 2017 көрмесін жарнамалау және ілгерілету, өңір тұрғындарының көрмеге қатысуын, көлікпен, жатын орынмен қамтамасыз ету, көрмеге қажетті еріктілердің даярлығын қамтамасыз ету, көрме қонақтарына арналған туристік маршруттар әзірлеу, көрменің өту кезеңінде Астана қаласына азық-түлік өнімдерін жеткізу және «Нұр әлем» Қазақстанның ұлттық павильонын толықтыру бағытында жұмыстар жүргізілуде, — деді Перизат Қонысбаева.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі