«Жасыл экономика» тұжырымдамасын іске асыру барысы талқыланды

383
«Жасыл экономика» тұжырымдамасын іске асыру барысы талқыланды

Оңтүстік Қазақстан облысында «Жасыл экономика» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында негізгі 7 міндет анықталған болатын. Соған сәйкес өңірде биыл 7,8 мың гектар жерге тамшылатып суару әдісі қолданылса, 643 гектарға жаңбырлатып суару әдісі енгізілген. Сондай-ақ, өңірде суармалы жердің көлемін ұлғайту үшін 2 су қоймасы іске қосылды. Бүгін бұл туралы облыс әкімдігінің кеңейтілген мәжілісінде облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Иляс Құрамысов мәлім етті.

Басқарма басшысының айтуынша, алдағы жылы Ордабасы ауданы мен Түркістан қаласында жалпы көлемі 57,2 млн текше метрді құрайтын жаңа екі су қоймасы салынатын болады. Сондай-ақ, облысымызда су арналарындағы су сыйымдылығын төмендету мақсатында ылғалдандыру және тұзданған аймақтарда сор шаю жұмыстары ұйымдастырылуда.

«Жасыл экономика» тұжырымдамасын іске асыру барысы талқыланды

– Бүгінде облысымызда жайылымдарды суландыру бойынша құдықтар қазылуда. Мәселен, 2015 жылы облысымызда 202 құдық қазылса, оның 47-сі субсидияланды. Ал 2016 жылы 273 құдық қазылып, оның 272-сі субсидияланған. 2017 жылы 167 құдық қазылып, оның 105-і субсидияланып отыр. 2018 жылғы жоспар бойынша облысымызда 120 құдық қазылатын болса, 2019 жылы олардың саны 200-ге жеткізілмек, – дейді Иляс Құрамысов.

«Жасыл экономика» тұжырымдамасын іске асыру барысы талқыланды

Бұдан бөлек алдағы жылы облысымызда ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 802,5 мың гектарға ұлғайтылатын болады. Сондай-ақ, алдағы 4 жылда 209 мың 700 тұрғыны бар 84 елді мекенді орталықтандырылған ауыз сумен қамту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар облысымызда жаңартылатын энергия көздерінің 14 жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жалпы қуаты 173,3 МВт құрайтын 10 жобаны 2025 жылға дейін жүзеге асыру жоспарланған. «Жасыл экономика» тұжырымдамасына сәйкес облыста бүгінгі таңда қайта өңделген қалдықтар көлемі 1,4 млн тоннаны құрап отыр.

«Жасыл экономика» тұжырымдамасын іске асыру барысы талқыланды

Атқарылған жұмыстарға қаныққан өңір басшысы алдағы жылдары атқарылатын жұмыстарды жүйелеп, «Жасыл экономика» тұжырымдамасының толықтай орындалуына күш салуды тапсырды.

– Бүгінгі таңда облысымызда жинақталған қалдық көлемі 18,3 млн тоннаны құрайды. Оның 14,1 млн – тоннасы өндірістік, 4,2 млн тоннасы – тұрмыстық қалдық. Бір сөзбен айтқанда қалдықтың ортасында отырмыз. Ендігі кезекте қалдықтарды қайта өңдеу арқылы түрлі заттар шығарып, кәдеге жаратуымыз керек. Сондықтан қайта өңдеу мәселесін қолға алу үшін шұғыл жоспар құруды тапсырамын, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Мәжіліс барысында Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы да талқыға түсті.