Медицина түлектеріне арналған бос орындар жәрмеңкесі өтті

481
Медицина түлектеріне арналған бос орындар жәрмеңкесі өтті

Өңіріміздегі медициналық жоғарғы оқу ордасының бітіруші түлектеріне сұраныс артуда. Оған облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті ұйымдастырған жәрмеңкеде көз жеткізуге болады. Бос орындар жәрмеңкесіне білікті маман іздеп келген мекемелер саны аз болған жоқ. Іс-шараға еліміздің өзге де аймақтарынан жұмыс берушілер келді.

Жоғарғы оқу орнында оқитын студенттердің барлығы толқу үстінде. Жақында бәрі қолдарына диплом алады. Одан кейінгі мәселе – жұмыс табу. Бұл жолғы жәрмеңкеге түгел қатысуының да себебі сол. Студенттерге сапалы беріп ғана қоймай, жұмыспен қамтуды да міндетімізге алғанбыз, дейді мединституттың өкілдері. Мысалы, өткен жылғы бітіруші түлектерінің 80 пайызы жұмыспен қамтылған деген мәлімет берді.

Айнұр Сариева, Шымкент медицина институтының дипломнан кейін білім беру факультетінің деканы: «Түлектерімізге ең үлкен сұраныс Солтүстік Қазақстан, Петропавл облыстары, Қарағандының Абай, Шахтерск, Балқаш қалалары мен аудандарында бар. Бұдан кейін Маңғыстау ауданынан сұраныс көп.»

Жәрмеңкеге еліміздің әр аймағынан келген емхана-аурухана басшылары өздеріндегі бос орындарды таныстырып, жас мамандарды жұмысқа шақыруда. Әсіресе анезтезолог, реаниматолог, кардиолог, педиатрларға ұсыныс көп болды. Бір ғана Маңғыстау облысынан 8 емдеу мекемесінің басшысы келген. Өйткені, мұнда аталған мамандар тапшы.

Медицина түлектеріне арналған бос орындар жәрмеңкесі өтті

Айдар Шыршықбаев, Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық орталық ауруханасының бас директоры: «Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкент медицина институты ұйымдастырған жәрмеңкеге қатысуға келдік. Маңғыстауда 361 маманның орнын толықтыру үшін ОҚО түлектерін шақырамыз.»

Олжас Жүсіпұлы – бітіруші түлек. Мамандығы хирург. Жәрмеңкеге келген қонақтардың барлығын тыңдап, бір-бірімен салыстырып, өзіне тиімді жұмыс орнын да тауып үлгергенін айтады.

Олжас Жүсіпұлы, бітіруші түлек: «Маңғыстау қаласындағы аурухананың бас дәрігерінің ұсынысы ұнады. Жас мамандарға алғашқы жәрдемақы, пайызсыз несие, үй береді екен.»

Осылайша жұмыс берушілер мен жоғарғы оқу орындары арасындағы толыққанды әріптестік «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасына үлес қосты. Ал ендігі таңдау бітіруші түлектердің өздеріне байланысты.

Айгүл Керімқұлова