Оңтүстіктің онкологтары моңғол хирургтарымен бірге күрделі ота жасады

461
Оңтүстіктің онкологтары моңғол хирургтарымен бірге күрделі ота жасады

Оңтүстіктің онкологтары қатерлі ісік ауруын емдеуде кешенді әдісті қолданбақ. Бұл үшін онкологиялық диспансерге Монғолия елінен бір топ дәрігер іс-сапармен келді. Шетелдік мамандар күнгейлік ақ халаттыларға қатерлі ісік ауруының күрделі сатысын емдеуді үйретеді. Яғни, бұл – бауыр ісігін кешенді емдеу әдісі.

Чинбурен Джигжисурен – Монғолиядағы үздік хиругтардың бірі. Тәжірибелі маман бауырдың қатерлі ісігін жиырма жылдан аса емдеп келеді. Шетелдік маман облыстық онкологиялық диспансерде қатерлі бауыр ісігіне шалдыққан науқасқа ота жасады.

Операцияның алдында облыстық онкологиялық диспансердің мамандары науқас азаматшада анықталған қауіпті ісікті кішірейту үшін химиялық терапия емін қолданып, бірнеше рет диагностикадан өткізген болатын. Нәтижесінде қатерлі ісік кішерейіп, бауырдағы қауіпті азайту үшін ота жасауға мүмкіндік туды. Осылайша бір ғана обыр дертін емдеу үшін бірнеше ем қолданылмақ. Мұны мамандар кешенді емдеу тәсілі дейді. Дәл осы кешенді емдеуді Монғолиялық әріптестер күнгейдегі мамандарға үйретуде.

Чинбурен Джигжисурен: «Бауыр ісігінің қатерлі ісігіне ота жасадық. Бұл – күрделі ота. Операцияны онкологиялық диспансердегі мамандармен бірлесіп жасадық. Сәтті шықты деп айта аламын. Бұл операция – емнің екінші кезеңі. Өйткені отаның алдында жергілікті дәрігерлер ісікті кішірейту үшін қажетті ем жасаған.»

Бауыр ісігіне жасалатын ота – күрделі хиругиялық емдердің бірі. Оңтүстікте жылына мұндай дертпен 120-ға жуық азамат анықталады. Бірақ, дәрігерлер бұл науқастардың барлығына ота жасай бермейді. Өйткені қатерлі дертті емдеу үшін кезең-кезеңімен кешенді емдеу тәсілі қолданылады.

Нұрғали Орманов, облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері: «Бір ғана жолмен емес, бірнеше хирургиялық жолмен емдеуді бірінші болып біз бастадық. Жұрттың бәрі «Осы неге Моңғолияның дәрігерлерінен сұрайсыз дейді. Өйткені Моңғолия – бауырдың ісігін емдеуде үздік деп танылған.»

Онколог мамандар қатерлі ісіктің алдын алған адамның дертінен айығып кетуіне мүмкіндік көп дейді. Емі табылмайтын дерт болмас, тек соның алдын ала білгенге не жетсін. Өкінішке қарай, қатерлі ісікке шалдыққандардың көбі ауруханаға ауруы асқынған кезде ғана келеді дейді мамандар. Осының алдын алу үшін онколог-дәрігерлер қала тұрғындарын орталықта өткізіліп тұратын скринингтік тексерулерге шақырады.