Ақпан батыр атындағы №10 орта мектепте дәстүрлі соңғы қоңырау соғылды

Ақпан батыр атындағы №10 орта мектепте дәстүрлі соңғы қоңырау соғылды

Шымкенттегі Ақпан батыр атындағы №10 орта мектепте оқу жылын аяқтаған дәстүрлі соңғы қоңырау соғылды. Атаулы білім ордасынан биыл 46 оқушы түлеп ұшқалы тұр. Қазақ-орыс тілді мектептің қос сыныбы айтулы мерекеде өнерлерін ортаға салды. Мектеп бітірушілер ұстаздар ұжымы мен ата-аналарға алғыстарын жеткізіп, бір-біріне сәттілік тілесті.

Ақпан батыр атындағы №10 орта мектепте дәстүрлі соңғы қоңырау соғылды

11 сынып оқушылары соңғы қоңырау мерекесіне тыңғылықты дайындалыпты. Ақ бантикті қыздарда бірегей форма, құны қалтаңды қағатын кәсіби макияж және, әрине, ән мен би. Тек қазақтың әсем оюлары кескінделген киіммен шетелдің музыкасына билегені қызық болды.

Балалықпен енді ғана қош айтысқалы тұрған балаусалардың биі Еврохиттің көшін бастап тұрған барлық әндерін қамтығандай. Арасында бір ғана қазақ әні бар — атышулы «Ninety One» тобының орындауындағы ән.

 

Қазақ тілінде алтын ұяға, түлектерге арналған әсем әндер баршылық. Әр түлек үшін қоңырау сыңғыры соңғы рет естілетін айтулы күні сол әндердің ескерілмегені аздап қынжылтады. Ал сынып жетекшісі шәкірттердің дайындығын талай рет тамашалағанын айтады. Мектеп қабырғасындағы соңғы вальске де Лара Фабианның Je’taime, яғни, «Мен сені сүйем» әні таңдалған.

 

Енді жас талапкерлердің алдында тұрған басты міндет — ұлттық бірыңғай тестілеу. Айта кетейік, бұл сынаққа биыл осы мектептен 36 оқушы қатысқалы тұр. Ендеше, талапкерлердің алдағы сыннан түгел сүрінбей өтулеріне тілектеспіз. Ал айтулы салтанатты шараның мәдениеті өзге мектептерге құлаққағыс болар деп сенейік.