«Алаш» партиясының құрылғанына – 100 жыл

2389

2017 жыл – Қазақстан үшін айтулы жыл. Биыл елімізде «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуы аталып өтілуде. Аталған шарадан күнгейліктер де шет қалмай, өзіндік үлестерін қосты. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті халықаралық маңызы бар конференция ұйымдастырды. Айтулы шараға алаштанушы ғалымдарымыздан бөлек Өзбекстан, Түркия, Ресей, Германия, Ұлыбритания, Қытайдан ғалымдар келіп қатысты.

"Алаш" партиясының құрылғанына - 100 жыл

«Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын». Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан салмағы басым сөзінде тұра білді. Алашқа қызмет қылды. Артында өшпестей із қалдырды. Бұдан бөлек Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов бастаған ұлы тұлғалардың еткен еңбектері де назардан тыс қалған жоқ. «Алашорда» қоғамдық қоры ұйытқы болған Алаш автономиясының көшбасшысы Әлихан Бөкейханның ғылыми зерттеулері мен шығармаларының бірінші толықтырылған монографиясының тұсаукесері өткізілді.

"Алаш" партиясының құрылғанына - 100 жыл

Жүсіп Сұлтан Хан Аққұлұлы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» ғылыми зерттеу институтының директоры: «Бұл Алаш автономиясының 100 жылдығы емес, бүгінгі Қазақстанның 100 жылдығын тойлау үстіндеміз. Алаш партиясын құрған Ә.Бөкейханды Қазақ жерінің жоқшысы десек те болады. 15 томды құрастыру көп қиындыққа соқты. Бүгінгі Қазақстан тарихында Әлихандай көп жазған адам жоқ. Оның 40-қа тарта лақап есімдерін анықтау қиынға соқты. Француз газетіне астыртын байланысып, мақаласын жариялапты деген мәлімет бар. Соны растап не теріске шығара алмай отырмыз. Париждегі елшілігіміз көмек көрсетуге ықылас танытпай отыр. Олардың ұлттық кітапханасын ақтаруға қаражатымыз жетпейді. Кедей елміз ғой. Ғылымға, мәдениетке келгенде қаражат таусылып қалады.»

Күнгейлік ұлтжанды азамат Әбдімәжит Сыздықов Әлихан Бөкейханның 15 томдығының жарыққа шығуына атсалысыпты. Әзірге 500 дана. Бюджеттен қаржы бөлінбеген. Алаштанушылар мәдениет министрлігіне қолқа салып отыр екен. Бес мың данамен шығарып, барлық кітапханаларға таратып бермек ниеттері бар.

Жұмахан Мырхалықов, М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры: «Бүгінгі конференциямыздың негізгі мақсаты – Алаш арыстарын насихаттау. Алашорданың біздің тәуелсіздік алуымызға қосқан үлесін дәріптеу. Біздің университте арнайы орталық ашылған. Осы орталықта студенттер, магистранттар, ғалымдар өңірлерге шығып алашордаға қатысы бар тұлғаларды зерттеуде. Көптеген мәліметтер жиналды.»

Алаш алыптары Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов бастаған алыптар тобы қазақ қоғамына нағыз рухани жаңғыруды алып келген осылар дейді ғалымдар. Ал халықаралық ғылыми конференция екі күнге жалғасады.

Гүлжан Көшерова