Елімізде кітапханалар тәулік бойы жұмыс істеу режиміне көшуде. Енді бұл мүмкіндік Шымкентте де қолжетімді: А. Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапхана 24/7 форматына ауысты. Бұған дейін тек ірі мегаполистерде болған бұл жаңашылдық, Мемлекет басшысының бастамасы аясында жүзеге асырылып отыр.
Күндіз жұмыс, кешке үй тірлігі… Көпшілігіміз үшін білімге бөлінетін уақыт осылайша шектеліп қалады. Алайда, енді бұл — сылтау емес. Шымкенттегі А. Пушкин атындағы әмбебап кітапханасы тәулік бойы, яғни 24/7 режимінде жұмыс істеуге көшті.
Кітапхананың тыныс-тіршілігі 7-шілдеден бастап мүлде өзгерді. Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген бастамасын іске асыру мақсатында, білім ошағы жаңа жұмыс кестесіне көшіп отыр. Бұл — Шымкенттегі тәулік бойы есігін айқара ашқан алғашқы әрі бірегей кітапхана
ЖӘННӘТ АСҚАРБЕКҚЫЗЫ: «Кітап алсам деп қызығып жатқан жастар көп. Кітапханаға келіп жатыр. Оның бір дәлелі биылғы жылы біздің оқырмандардың соншалықты көбейгенінен, оқырман партасын көбейтіп, арта түсті. Кітапхананың өзіне 3 ауысым оқырман келіп жатады. Түсте оқитын оқырман азанда келіп, азанда оқитындар түс қайта келіп»
Бұрындары кітапхана таңғы 9:00-ден кешкі 19:00-ге дейін ғана жұмыс істеп, кейіннен оқырман сұранысымен аптасына үш күн кешкі 22:00-ге дейін созылған. Енді кітапхананың 24/7 режиміне көшуі – студенттер мен талапкерлер үшін нағыз қуанышты жаңалық болды.
«Қазірде мен ЖОО түсуге дуолингодан тест керек. Сол үшін қазір ағылшынымды жақсартып жатырмын. Кез-келген уақытта мен курстан кейін де дайындала аламын.Сол үшін тиімді. Мен түнде де келіп дайындаламын».
«Мен қазір емтиханға дайындалып жатырмын. Сол себепті кітапханада кешке дейін уақыт өткізу мен үшін тиімді. Және де мен осы жерде кітапханада нәтижелі түрде білім ала аламын. Өйткені бұл жерде өте тыныш және ыңғайлы».
Қаладағы алты кітапхананың ішінде бұл орталықтың ерекшелігі сол — мұнда халықаралық дипломатиялық қатынас аясында ашылған «Америкалық бұрыш» бар. Ағылшын тілін жетілдіргісі келетін жастар курс іздеп әуре болмайды. Дәл осы кітапханаға келіп, шетел тілін тегін үйренеді. Бұдан бөлек, бағдарламалау, инженерия секілді бағыттар бойынша да заманауи білім алуға мүмкіндік мол.
ЕЛЕНА ҚАДІРОВА, АМЕРИКАЛЫҚ БҰРЫШТЫҢ КОРДИНАТОРЫ: «Біздің орталықта ағылшын тілі деңгейіне қарай тегін оқытылады. Сонымен қатар бағдарламалау, инженерия, сурет салу сияқты түрлі бағыттағы үйірмелер бар. Барлық сабақтарды еріктілер мен тәжірибелі мамандар өткізеді. Жазғы демалыс кезінде балаларға арналған жобаларды көбейтеміз. Кейбір үйірмелерге қатысушылар саны шектеулі болғандықтан, алдын ала тіркелу қажет. Сабақ кестесі мен барлық ақпарат Instagram парақшамызда жарияланып тұрады»
Қазіргі таңда білім ордасында 159 мыңдай кітап қоры бар. Кітапхана тек кітап сөрелері тұрған жай емес, қаланың мәдени орталығына айналып барады. Мұнда жиі өтетін тұсаукесерлер мен қызықты іс-шараларды енді алдағы уақытта түнгі уақытта да ұйымдастыру жоспарда бар. Бұл дегеніміз — түнгі Шымкенттің тынысы мен рухани өмірі енді біте қайнаса түседі деген сөз.
Ботакөз Ануар

