Табиғатты таза ұстау — мәдениеттің белгісі. Сенбі күні «Отырар» арнасының ұжымы Қарасу өзенінің бойын тазартып, сенбілік өткізді. Осы шарадан түсірілген бейнематериалды назарларыңызға ұсынамыз.
Көріп тұрсыздар ма мына өзеннің түбін санап тауыса алмайтын бөтелкелер толып қалған. Мұнда тіптен қандай да бір сүйек, тұрмыстық қалдықтар мен баланың жөргегіне дейін табуға болады. Дәл осы өзенді «Отырар» телеарнасының ұжымы «Таза Қазақстан» акциясы аясында тазалауда.
«Қарасу — шаһардың көркіне айналған орындардың бірі. Алайда, кейбір демалушылардың салғырттығынан су арнасы қоқыс полигонына айналғандай. Акция аясында небәрі 300 қадамдай жерден 50-ден аса қап қоқыс шықты. Суға шөккен бұл қоқыстар тек табиғатқа ғана емес, адам денсаулығына да зор қауіп төндіреді.
ӘЛІБЕК СЕРІКБАЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Мына Жетісай қаласынан келіп отырмын. Бүгін аулаға шығып «Отырар» телеарнасының «Таза Қазақстан» акциясын қолдап мынау тазалық жасап жатқанын көріп өте тамсанып отырмын. Қуанып. Тазалығымыз қажет қой бәрімізге».
Қоқыстың көлеміне қарап, бұл жерге қалдықтар жылдар бойы жиналған деп ойлайсың. Алайда, ақиқаты сол — бұл орынның мемлекет тарапынан тазартылғанына көп болмаған. «Отырар» телеарнасының ұжымы тазалық мәдениетін тек сөзбен емес, іспен көрсетуді парыз санап, осындай бастаманы қолға алды
ГҮЛНАЗ МАНСҰРҚЫЗЫ, «ОТЫРАР» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Соңғы кезде қаламыз әдемі өркендеп келе жатыр. Қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы жай, демалыс орындары жасалып жатыр. Аулалар әдемі әсемделіп жатыр. Бірақ өкінішке қарай біздің кейбір тұрғындар мен қонақтардың тарапынан осыны бір бағаламау орын алып жатқандай болды. Біздің ұжым мынау «Таза Қазақстан» деген бағдарламаны қолдап бүгінгі күні Қарасу арығын тазалауды жөн көрдік ұжымымызбен».
Жинақталған қалдықтар арнайы орынға жөнелтілді. Табиғат — адам өмірінің ажырамас бөлшегі. Сондықтан қоршаған ортаны таза ұстау — әр азаматтың міндеті. Ендігі кезекте тазалық эстафетасын шымкенттік әріптестерімізге, яғни, бұрыннан келе жатқан және жаңадан ашылған медиа құрылымдарына ұсынамыз. Игі бастаманы жалғастыратындарыңызға сеніміміз кәміл.
Ботакөз Әнуар






