Түркістан облысында Су шаруашылығы жұмыскерлерінің күні кең көлемде аталып өтті. Кәсіби мерекеде сала үздіктері марапатталып, су шаруашылығының бүгінгі ахуалы мен алдағы жоспарлар таныстырылды. Сондай-ақ канал бойында еңбек ететін мұраптарға жаңа техника табысталды. Өңірдің су қорын арттыру бағытындағы жұмыстар туралы да айтылды.
Түркістан облысында Су шаруашылығы жұмыскерлерінің күні аталып өтті. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Ордабасы ауданындағы «Бөген» су қоймасына барып, сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады. Іс-шараға су шаруашылығының ардагерлері, гидротехниктер, инженерлер, шлюз реттеушілері, гидрометрлер және сала қызметкерлері қатысты. Су шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосқан мамандар Су ресурстары және ирригация министрлігінің, облыс әкімінің және облыстық мәслихаттың марапаттарына ие болды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің айтуынша, су шаруашылығы мамандары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады. Өйткені су – тіршілік көзі ғана емес, азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық өсімнің басты кепілі. Ал су ресурстарын тиімді басқару, реттеу және бақылау – осы сала мамандарының жауапты міндеті.
Қазіргі таңда Түркістан облысында 575 мың гектар суармалы жер бар. Өңірде 42 су қоймасы, 4 мыңнан астам канал, 2 мыңға жуық ұңғыма және 1200-ден астам қашыртқы жұмыс істейді. Биыл су қоймаларында жиналған су көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,4 миллиард текше метрге артық. Мерекелік іс-шара аясында елдің амандығы, жауын-шашынның мол болуы және су қорының артуы үшін тасаттық беріліп, ақсақалдар ақ батасын жасады. Кейін қатысушылар «Бөген» су қоймасының қазіргі жай-күйімен танысты.
Сондай-ақ мерекелік іс-шара барысында Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» РМК Түркістан облыстық филиалына арнайы техника тарту етті. Атап айтқанда, канал бойында еңбек ететін су реттеуші мұраптарға 25 мотоцикл мен 4 трактор табысталды.
Дилара Иса






