Шымкентте қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары үздіксіз жүргізілгенімен, мәселе әлі де өзекті. Жыл басынан бергі бес айдың ішінде 31 мыңнан астам ит ауланған. Мамандардың айтуынша, бұған көшеге қараусыз жіберілетін үй жануарлары да себеп. Иттерді тіркеу не үшін маңызды? Ұсталған жануарларға қандай шаралар қолданылады? Ал биыл қолға алынатын стерилизациялау мен чиптеу бағдарламасы мәселені шеше ала ма?
Көшеде жүрген бұралқы иттерді мамандар аулағанымен, оны азайту немесе түбегейлі тауысу мүмкін болмай отыр. Шымкентте қаңғыбас иттерді аулайтын 6 топ жұмыс істейді. Мысалы, биылғы жылдың алғашқы 5 айында қала аумағында 31 мыңнан аса ит ауланған. Жалпы арнайы ит мысықты күтіп ұстау орындарында 300 мыңға жуық ит пен 56 мыңнан аса мысық бар. Ауру анықталған ит-мысық бөлек оқшауланып ұсталады. Өлген жағдайда санитарлық талаптарға сәйкес өртеледі.
ЖӘНІБЕК ТОҒАЙ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Көшеде қаңғып жүрген иттер ол иттер де даладан келген жоқ. Өзіміздің елдімекендердегі, қаладағы жер үйдегілердегі иттерді кешке аулаға жібереді, не босанып кетеді, үйдің ауласынан шығып, көшеге шығып кетеді. Көшеге шыққан итке жұрт басқа көзқараспен қарайды. Балалар да, кей тұрғындар да одан қорқып, оның тістеп алу да балалардың қорқып қалу да қаупі бар».
Басқарма басшысының орынбасары Жәнібек Тоғайдың айтуынша, көшеде қалған ит пен мысық өте күрделі тақырып. Мұны жалғыз басқарманың игеруі қиын. Бұл мәселеге қоғам болып кіріскен абзал. Мәселеге тек мемлекеттік органдар ғана емес, тұрғындар да жауапкершілікпен қарауы қажет.
ЖӘНІБЕК ТОҒАЙ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Біз түсіндірме жұмысын атқарамыз. Ит-мысықты қалай ұстау керек екенін, оны ұстаған кезде бізге келіп тіркеу керек екенін, бізге тіркелген әрбір ит-мысықты өз бақылауымызда ұстап мемлекет тарапынан бөлінетін аса қауіпті ауруларға вакцинасын жылына екі рет салуды өзіміз бақылауда ұстаймыз. Өйткені ол ит үйде тұрғаннан кейін өз төлпаспорты болады, мысықтың да паспорты болады. Мынау құтыру ауруы, одан кейін жұқпалы аурулардың бірнеше түрі бар, соның уақытылы вакцинасын салып, қан сынамасын алып, зертханадан өткізіп, оның ауырған-ауырмағанын біліп отырамыз».
Биыл мың бас итті кастрациялау жоспарланған. Дәл қазір тиісті құжаттар мемлекеттік сатып алу порталыны ілінген. Егер бұл жұмысты істейтін мердігер компания анықталса, ұсталған иттер кастрацияланып, 1-2 апта күтіп-ұстап, сырғалап, арнайы чип қойылып ұсталған орнына қайта жіберіледі.
Дилара Иса





