Дихандардың егіс алқабын жылқылар таптауда

729
Дихандардың егіс алқабын жылқылар таптауда

Шымкент маңындағы Қызылсу елдімекенінің шаруалары биыл жауын-шашын мол болғанымен, астықты аз жинаймыз ба деп қауіптеніп отыр. 60 гектар алқапқа егін салған дихандар малына қарамайтындардың әрекетіне ашынуда. Арпа мен бидайдың биылғы шығымы жаман емес, бірақ астықты үйір-үйір жылқы таптап тастаған.

Владимир Буриков 10 жылдан астам уақыттан бері шаруа қожалығымен айналысып, егін егіп келеді. Сол уақытының соңғы 5 жылын ол егілген астық алқабын үйір-үйір жылқылардан қорумен келеді. Диханның айтуынша, қараусыз жүрген жылқы малы пісіп қалған астықты таптап тастаған.

Дихандардың егіс алқабын жылқылар таптауда

Ұзын-саны 200-ге жететін жылқылардың зияны бір ғана шаруа қожалығына тиіп жатқан жоқ. Соңғы қаражатын осы бидай егуге салған үлескерлерді де шығынға батыратын түрі бар. Амалдары таусылған шаруалар учаскелік полицейлерге арызданыпты. Бірақ нәтиже жоқ.

Қараусыз жүрген төрт түліктің зияны жайында Қаратау ауданының әкімдігі де құлағдар. Жылқылардың иесін тауып, шара көруге шенеуніктер де уәдесін берді. Өкініштісі, полицейлер өз міндетін атқарып, шенділер уәделерін орындағанша бидай мен арпаның масағынан түк қалмайтын түрі бар.

Нұрлан Күдерұлы