ОҚО әкімі: «Жер қойнауын заңсыз пайдаланатындар жауапқа тартылуы тиіс»

243
ОҚО әкімі:

Жер қойнауын заңсыз пайдаланатындар жауапқа тартылуы тиіс. Бұл міндет жергілікті полиция қызметі мен аудан әкімдеріне жүктеледі. Облыс әкімдігінде өткен үлкен жиналыста өңір басшысы осындай тапсырма берді.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметіне жүгінсек, бүгінде облыс әкімдігімен пайдалы қазбаларды барлау және өндіруге арналған 175 келісім-шарт түзілген. Олардың басым бөлігі құмды-қиыршық тас мен топырақ өндіруге арналған. Басқарма тарапынан жылдың басынан жер қойнауын пайдалануға арналған 17 келісім-шарт тоқтатылыпты. Дегенмен, өзендердегі қиыршық тасты қазып, сатудағы заңсыз әрекеттер тыйылмай отыр дейді жауаптылар.

ОҚО әкімі: "Жер қойнауын заңсыз пайдаланатындар жауапқа тартылуы тиіс"

Қиыршық тас пен топырақты тиеп, жол жиегінде тұрған жүк көліктерінің жүргізушілері ұсталса, айыппұл төлеп құтылып жүргені ешкімге жасырын емес. Ал карьерлерді табыс көзіне айналдырған иелерін жауапқа тартуға жергілікті полиция қызметі де қауқарсыз.

Жер қойнауын заңсыз пайдалануды тоқтату бойынша облыс көлемінде ауқымды шаралар да қолға алынған. Алайда, пайдалы қазбаларды заңсыз пайдаланғандарды жауапқа тарту бойынша заңдағы айыппұл мөлшерін 50-100 айлық-есептік көрсеткіш көлеміне төмендету тиімдірек болар еді деген ұсыныстар да айтылды.

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы жер қойнауындағы пайдалы қазбаларды пайдалануда заңсыз әрекеттерге жол берген және жұмысты үйлестіре алмаған облыс әкімі орынбасарынан бастап басқарма басшыларына ескерту жасады.