Партия қызметкерлері жемқорлықпен күресті бастады

263
Партия қызметкерлері жемқорлықпен күресті бастады

Мемлекеттік қызметкерлердің ары мұнтаздай таза болуы тиіс. Олар көрсеткен қызметі үшін азаматтардан сыйлық, пара алмауы тиіс. Алайда, мәселесін тез арада шешу мақсатында азаматтардың пара беруі, ал қызметкерлердің сол параны алуы тоқтар емес. Қоғамды жегідей мүзіген осы қауіпті дерттен арылу мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар ұйымдастырылуда. Таяуда Шымкент қаласы әкімдігінің бірқатар бөлімдерінде осы тақырыпта семинар өтті.

Шымкенттегі сәулет және қала құрылысы бөлімінде «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» тақырыбында ашық семинар өтті. Құрылыс, мүлік, коммерциялық нысандарға қатысты құжаттарды рәсімдеу міндеті жүктелген бөлімнің қызметіне жүгінетіндер жеткілікті. Мәселені тез шешу үшін бұрын қалыптасқан сыйлық, пара алу сияқты жаман әдеттерден арылу керегі жас мамандарға «Мемлекеттік қызметкерлердің ар Кодексіндегі» тармақтарымен нақтыланды.

Сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту мақсатында бүгінде қалада халыққа қызмет көрсету кеңсесі ашылған. Кеңседе қабылданған құжаттар бойынша бөлім мамандары бекітілген мерзімде жауап қайтаруы тиіс.

Шымкенттегі сәулет және қала құрылысы бөлімінде 19 қызметкер жұмыс жасайды. Олардың басым бөлігі – жастар. Орташа жалақысы 80 мың теңге төңірегінде. Осыған шүкірлік етіңдер, сыбайлас жемқорлықпен күресті әр мемлекеттік қызметкер өзінен бастауы тиіс деп есептейді «Нұр Отан» партиясының өкілдері.

Ардагер мемлекеттік қызметкерлерді таза жұмыс жасауға шақырды. Пара алудың соңы жақсылыққа апармайтынын дәлел-мысалдармен жастарға жеткізді. Сыбайлас жемқорлыққа жол бергендер жазадан құтылмасы анық. Жеңіл табысқа кенелмек болып, бас бостандығынан айрылып, абыройынан жұрдай болғандарды әлеуметтік желіден өздерің де көріп жүрсіңдер деп қорытындылады жиынды ақсақал.