Шардаралықтар облыс әкімінен көмек сұрайды

367
Шардаралықтар облыс әкімінен көмек сұрайды

Шардара қаласында 73 көпқабатты үй бар. Биыл оның сегізіне «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қалған үйлердің де жағдайы көңіл көншітпейді. Таяуда жертөлелерін су басқан сол үйлердің тұрғындары қала әкіміне мұң-мұқтаждарын жеткізді. Олар өз үйлерінің де күрделі жөндеуден өткенін қалайды.

Қала тұрғындары өз баспаналарының да мемлекеттік бағдарлама аясында жөнделгенін қалайды. Себебі, осы уақытқа дейін үйлері жөндеу көрмеген. Салдарынан көптеген қиындықтарға тап болуда. Ал Шардара қаласының әкімі «бағдарламаны түсіндіру кезінде осы тұрғындардың көпшілігі жөндеу жұмыстарына қарсы болғанын» естеріне салды. Аудан әкімдігі мен тұрғын үй коммуналды шаруашылық бөлімінің қызметкерлеріне жаңғырту жұмыстарының қажеті жоғын айтқан.

Шардаралықтар облыс әкімінен көмек сұрайды

Бір қызығы, мемлекеттік бағдарламаға ілігу үшін көпқабатты үйлердің тұрғындарының барлығы бірауыздан қол қою керек екенін көпшілік білмейтін болып шықты. Үйдің сыртқы жөндеу жұмыстары туралы ғана естіген. Онда да кейбірі ғана. Ал соңғы екі айдан бері жертөлелерін су басып, шатырларынан су сорғалап жатыр. Хабарласқан мекемелерден қайран болмаған.

Тұрғындарды көпқабатты үйлер арасындағы ойлы-шұқырлы жолдары да әбден мезі еткен. Жауын-шашын болса, мұнда жүру,тіпті, мүмкін емес,- дейді олар. Балалар балабақша, мектепке барғанда қатты қиналады. Балалар алаңшасының да тозығы жетіп тұр. Сынық әткеншектер, мен ескі орындықтардан басқа ештеңе қалмаған.

Алайда, бұл жұмыстардың қашан істеліп, ретке келтірілетінін нақты айту қиын. Себебі, тұрғындармен кездескен қала әкімі бізге ресми жауап беруден бас тартты. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына қатысты нендей құпия барын өзі ғана біледі. Ал қаладағы көпқабатты үй тұрғындарына түсіндіру жұмыстарының бұдан бұрын қалай жүргізілгенін осыдан-ақ байқауға болады.

Әлия Әділбек