Ұлы Жеңістің 72-жылдығын Оңтүстік өңірінде 235 соғыс ардагері мен 19 357 тыл еңбеккері қарсы алуда. Мереке қарсаңында батыр ата-апаларымыздың құрметіне мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, кейінгі ұрпақ сұрапыл соғыста шейт кеткен боздақтарды еске алды. Осы тұста айта кететін жайт, соғыстың мәні және жеңіс жайлы ғаламторлардағы пікірлер жанымызға оқтай батуда дейді майдангерлердің өздері.
Саз колледжінің ұжымы әзірлеген мерекелік бағдарлама ең алдымен соғыс және тыл ардагерлеріне арналған. Биылғы Жеңістің 72-ші көктемін Абай ауданы халқымен бірге 24 соғыс ардагері мен 3 мыңға жуық тыл еңбеккері қарсы алуда. Қантөгісте жауынгерлеріміздің қару-жарағын, киім мен азық-түлігін толық қамтыған тылда аянбай еңбек еткендердің де Жеңісте үлесі мол.
4 жылға созылған сұрапыл соғыстың ауыртпалығын Николай Тарасов ұмытқан жоқ. Қанды шайқаста қаза болған жолдастары әлі есінде. Оңайлықпен келген Жеңісті бүгінде атап өтпеу керек, қажет емес, ол аза тұту күнімен теңдес деген пікірлермен қарт майдангер келіспейді.
Николай Тарасов, ардагер: «Қазір көп естім жүрмін. «Ол соғыс кім үшін қажет еді, жеңіс күнін атау қателік» деген пікірлер жаныма батады. Солай айтуға бола ма? Біз бейбіт өмір үшін соғыстық. Өз басым үкімет тарапынан көрсетілген қолдауға алғысым шексіз. Ерлік жасадық деп ойламадық, алайда құрметтеріңізге рахмет!»
Мерекелік жиындарға келе алмаған соғыс ардагерлері де назардан тыс қалған жоқ. Әкімдік, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері Мәскеудегі Ұлы Жеңістің 70 жылдығын тойлауға арнайы шақырылған қазақстандық соғыс ардагерлерінің арасында болған жерлесіміз Қаратай Төлебековке де құрмет көрсетті. Ақсақал неміс басқыншыларын ойсырата жеңген Кеңес Армиясының қатарында қазақстандықтар ерлікпен шайқасты дейді.
Биыл 94 жасқа толған Анна Шаляның өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі өнеге. Қарт майдангер Төрегелді Зорбанов жиналған қауымды бейбіт өмірді, тұтастығымызды сақтап қалуға шақырды. Соғыс және тыл ардагерлерінің құрметіне жайылған мерекелік дастарханда елге оралмаған боздақтарға арналып, Құран аяттары бағышталды….