Ұлы Жеңіс күнінде Созақта Даңқ аллеясы ашылды

942
Ұлы Жеңіс күнінде Созақта Даңқ аллеясы ашылды

Ұлы Жеңістің 72 жылдығын Теріскей тұрғындары да тойлады. Жеңіс күні аясында Созақта Даңқ аллеясы ашылды. Оған ауданнан Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің есімі жазылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кешеннің басты идеясы – Ұлы Отан соғысы қатысушыларының ұмытылмас ерлігін мәңгі есте сақтау.

Ұлы Отан соғысына Созақ ауданынан 6000-ға жуық азамат аттанған. 1945-жылы 860-тан астам жеңіс сарбазы аман-есен елге оралды. Бүгінде жеңісті жақындатқан жауынгерлердің алтауы ғана ортада жүр. Олар – Тәжі Нұрхожаев, Оспан Бексейітов, Мырзахмет Жылысбаев., Оспан Шайдазимов, Сергей Дранов және Шаміл Тагиев. Отанын басқыншылардан қорғаған батырларға деген құрмет те жоғары болуы тиіс.

Мақсат Исаев, Созақ ауданының әкімі: «Қазақстанның қарулы күштерінің 25 жылдығы және Ұлы Жеңістің 72 жылдығы құтты болсын! Бұл Даңқ аллеясы соғысқа қатысқан ардагерлерімізді ұмытпай, олардың есімдерін өскелең ұрпаққа үлгі ету, ерлігін насихаттау үшін ашылып отыр.»

Ұлы Отан соғысына 17 жасында аттанған қарт майдангердің бірі – Шәміл Тагиев. Ол соғыс жылдарынан естеліктер айтып, жастарды патриот болуға шақырды.

Шәміл Тагиев, соғыс ардагері: «Бүгінгі ұрпаққа айтарым – жастар тәртіпті болсын, сабақтарын жақсылап оқысын! Әр уақытта тәртіпті ұмытпасын. Мемлекеттің келешегін ойласын.»

Тәжі Нұрғожаев, соғыс ардагері: «Сіздерді осы мерекемен құттықтаймын. Елбасымызға рахмет!»

Бұдан кейін аудан әкімі мерекеге қатыса алмаған 3 бірдей соғыс ардагерінің үйіне арнайы барып, құрметін көрсетті. Әр ардагерге арнайы қаржылай көмек көрсетілді.

Ұлы Жеңіс мерекесінің соңында ұлттық ойындар ұлықталды. Жастар теңге ілу, қыз қуу сынды ойындарға қатысты. Сондай-ақ жүйрік сәйгүліктерін бәйгеге қосты. Осылайша мереке спорттық ойындармен аяқталды.

«Қазақстан-Шымкент» телеарнасының бейнематериалы бойынша