Тыл еңбеккерлері уәде етілген төлемге қол жеткізеді

469
Тыл еңбеккерлері уәде етілген төлемге қол жеткізеді

Ұлы Жеңістің 72 жылдығына орай тыл еңбеккерлеріне бөлінген 5 айлық көрсеткіш көлеміндегі қаржы беріле бастағаны белгілі. Алайда арнайы төлемді ала алмай жүргендер бар. Еңбек ардагері 9 мамыр қарсаңында бөлінген азын-аулақ төлемнің өз есепшотына аударылған-аударылмағанын білмей әлек.

Жеңістің 72 жылдығына тыл еңбеккерлеріне берілетін 5 АЕК мөлшеріндегі төлемде алуға кезекті рет келген Закирзян Хамидуллин бүгін де құр қол қайтты. Халық банкінің мамандары қаржы әзірге түспегенін айтып, күтіңіздер деп шығарып салған.

Зоя  Хамидуллина, тыл еңбеккерінің қызы: «12 мамырда әлеуметтік бағдарламалар бөліміне телефон соққан едім, олар 15 мамырда банкке бара беріңіздер, 11 мамырда барлық қаржыны аудардық деді. Бүгін жұмыстан сұранып, әкемді ертіп келсем, есеп-шотында арнайы төлем жоқ. Әзірге түспепті. Халық банкінің мамандары зейнетақыны әкеме уақтылы беріп тұрады. Ал мына төлемді жауаптылар кеш аударған болар. Не ақша жоқ шығар…»

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілдері төлемдерге қатысты күрделіліктер барын жасырмады. Алайда уайымдауға еш негіз жоқ дейді. Бірде-бір тыл еңбеккері қаржысыз қалмайды, барлығына міндетті түрде 11 мың 345 теңгеден төленеді деп атап өтті. Арнайы төлем Шымкенттегі бес мыңнан астам тыл еңбеккеріне тиесілі. Кешіктірудің себептері, біріншіден, мереке күндері болды, екіншіден, бірқатар банктермен төлемдерді төлеу бойынша келісім-шарт түзілмеген.

Ұлдана Бекбау, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі: «Халық банкі, «Қазкоммерцбанктен» зейнетақыларын алатындарға мерекелік қаржы аптаның соңына дейін төленеді. Ал «Фортебанк», «Сбербанк»,»Каспийбанктенә зейнетақы алатындар  бізге келуі тиіс, тыл еңбеккерлерінің есеп-шоты анықталған тұста төлемдерді сол арада аударамыз».

Бүгінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері мерекелік төлемдерді алған. 100 АЕК мөлшеріндегі төлемнен бөлек қала бюджетінен қосымша төлем 100 мың теңге де қарастырылған. Бұл жөнінде ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтаған қала әкімінің орынбасары нақтылаған болатын.

Гүлжан Құрманбекова, қала әкімінің орынбасары: «Облыс бюджетінен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 226 мың 900 теңгеден, ал қала бюджетінен қосымша 100 мың теңгеден аударылды.»

Ендеше, Ұлы Жеңістің 72 жылдығына арналған арнайы төлемдерге қатысты сұрақтарыңыз болса 56-15-61, 56-91-34 және 56-04-68 телефондарына қоңырау шалыңыз немесе Жангелдин көшесі. №13 «А» ғимаратындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандарына жолығуға болады.