Облыс мәслихатының бюджет және экономиканың дамуы жөніндегі тұрақты комиссиясы 2016 жылғы облыс бюджетінің атқарылуы жөнінде есепті талқылап, бекіту үшін сессияның қарауына ұсынды. Депутаттар қазына қаржысын өз мақсатында дер кезінде тиімді жұмсауға аса көңіл бөлу қажеттігін кезекті рет ескертті. Бірнеше күн бойы күн тәртібінен түспеген қаржыны жыл соңында қысқарту, игермеу мәселелері халық қалаулыларын алаңдатуда.
Облыс әкімдігі мен тексеру комиссиясының 2016 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы жөнінде есептері осыдан 4 күн бұрын бюджет және экономиканың дамуы жөніндегі тұрақты комиссияның Ордабасы ауданында өткен көшпелі отырысында қаралған болатын. Сол мәжілісте көтерілген мәселелер бойынша дайындалған жауаптарды депутаттардың әрқайсысы жазбаша алды. Ал жауапқа қанағаттанбаған депутаттар өлкедегі осы күнге дейін шешімін таппаған мәселелерге облыс әкімдігінің өкілдері назар аудару керегін баса айтты.
Тағы бір кезек күттірмейтін мәселе — Мақтаарал, Шардара және Сарыағаш аудандарының халқына аса қажет перинаталдық орталық. Жедел медициналық көмекке зәру тұрғындар облыс орталығына жетем дегенше ауруы асқынып, қайғылы оқиғалар орын алып жатқанын тілге тиек еткен депутаттар тез арада құрылыс бастамаса болмайды деп есептейді.
Сарыағаш ауданындағы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында санып жатқан нысандарға да бақылау қажет дейді халық қалаулылары.
Былтыр облыс бюджетінің атқарылуы және 2017 жылға арналған бюджетті нақтылау мәселелері жіті талқылаудан өткеннен кейін облыс мәслихатының кезекті сессиясының қарауына ұсынылды. Айта кетейік, облыс мәслихатының алтыншы шақырылымындағы 13-сессиясы 27 маусымда өтеді.