Úı ANONS Облыстық мәслихат сессиясында маңызды шешімдер қабылданды

Облыстық мәслихат сессиясында маңызды шешімдер қабылданды

Түркістан облыстық мәслихатының сегізінші шақырылымдағы кезектен тыс жиырма екінші сессиясы өтті. Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер қаралды. Сессияға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, әкімдік мүшелері, басқарма басшылары қатысты. Күн тәртібіне төрт мәселе қойылды.

 

Нақтырақ айтар болсақ, 2026–2028 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізу жұмыстары талқыланды. Сонымен қатар, облыс әкімдігінің дербес құрамын келісу, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша міндеттемелерге толықтырулар енгізу және кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссия құрамын жаңарту мәселелері тілге тиек болды. Жиында қабылданған шешімдер Түркістан облысының тұрақты дамуына серпін беріп, әкімдік пен мәслихаттың бірлескен жұмысын одан әрі күшейтуге негіз болмақ деді жиынға қатысушылар.

Бұдан бөлек, сессия соңында облыс әкімі Нұралхан Көшеров қабылданған шешімдердің өңір экономикасын нығайтып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ, ол алдағы маңызды халықаралық кездесулер мен өңірдің инвестициялық және туристік әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

Айта кетейік, жыл басынан бері облыстың макроэкономикалық көрсеткіштерінде оң өсім сақталған. Қысқа мерзімді экономикалық өсім 119,4 пайызды құрап, өңір республика бойынша алдыңғы қатарда тұр.

Нұргүл Жолымбетова