Мұнай базасының басшылығы қаза тапқан оператордың туыстарына өтемақы төлейді

297
Шымкент әкімі мұнай базасындағы өртті сөндіргендерде алғыс жариялады

Шымкентте мұнай базасында шыққан өрттен қаза тапқан операторлың отбасына берілетін өтемақы туралы белгілі болды. Кәсіпорын марқұмның туыстарына 1 миллионға жуық теңге төлемек. Акционерлік қоғамның заңгері ұжымдық келісім-шартта қызметкер өндірісте қаза тапқан жағдайда осыншама өтемақы төленетіні жазылған дейді.

Заңгер Берік Серкінбаев жұмысшының отбасы мұнымен қоса сақтандыру төлеміне де қол жеткізеді дейді. Жерлеу рәсімін де компания көтермек. 46 жастағы марқұм кәсіпорында 4 айдан бері жұмыс істеп келе жатыр екен. Соңында жұбайы мен 4 баласы қалды.

Берік Серкінбаев, «Шымкент мұнай өнімдері» АҚ заңгері: «Біз марқұмның жерлеуіне көмектесіп, 40 күндігіне отбасына 200 мың теңге беруді жоспарлап отырмыз. Бұған қоса компанияның бас директоры осы отбасының жасы кәмелетке толмаған бір мүшесін жұмысқа алуды ұсынып отыр. Осылайша отбасының асыраушының орнын толтыру ниетіміз бар.»

Еске салайық, кешегі аптаның соңында Шымкентте мұнай базасында өрт болып, бір адам қаза тапты. Қайғылы жағдай жұма күні таңертең сағат 7 шамасында болған. Осындағы жарылыстан кейін өрт шығып, АИ-92 маркалы бензиннің мыңдаған тоннасы жанып кетті.