Денсаулық төлқұжатының көрсетер көмегі көп

427

«Отырар» телеарнасындағы «Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы №2 қалалық емханасының балалар дәрігері Гүлзира Ордабекова міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы толыққанды мағлұмат берді.

– Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесі жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Жыл басынан бері насихат жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен әлі де көпшілік арасында түсіндірілуі тиіс тұстар жетерлік. Емханаларыңызға көбіне қандай сауалдармен хабарласуда?

– – Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша мемлекет жарна төлейтін арнаулы топтар бар. Ол топтағыларға – балалар, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, жүкті әйелдер, 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыста отырған аналар, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты демалысқа шыққандар, 18 жасқа дейінгі мүгедек балаға күтім жасап отырғандар, мүмкіндігі шектеулі жандар және зейнетке шыққан «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, қылмыстық атқару жүйелерінде жазасын өтеушілер, тергеу изоляторында отырғандар, техникалық және кәсіптік оқу орындарында оқып жатқан студенттерге мемлекет төлейді.

– Жарна төленген жағдайда азаматтар қандай қызмет түрлеріне тегін қол жеткізуге мүмкіндігі бар?

– МӘМС қолжетімді пакетіне – алғашқы медициналық санитарлық көмек, емханада көрсетілетін амбулаторлық, күндізгі стационарлық көмек, жүктілікті бақылау кіреді. Одан кейін жоспарлы көмек бар. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету де кіреді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бекіткен дәрілер бойынша кейбір топтағыларға тегін беріледі. Полиативті көмек түрлері бар. Ол ауруы асқынған науқастарға көрсетіледі.

– Бүгінгі таңда емханаларда кейбір қызмет түрлері – қан тапсыру, рентген ақысыз екені белгілі. Компьютерлі томографиялық тексерулер яғни, күрделі диагностикалық тексерулер зейнеткерлерге, мүгедектерге ақысыз екенін білеміз. Бірақ барлығына бірдей емес. Ал енді жарна төленгеннен кейін жағдай қалай болады? Осындай диагностикалық тексерулер, зерттеулер ақысыз бола ма?

– Жарна төленгеннен кейін әртүрлі қымбат оталар, диагностикалардың барлығы тегін болады.

– Жарнаның ай сайын төленгені туралы мәліметті қалай білуге болады, науқас тарихы яғни, медициналық карта қолданыста бола ма?

– МӘМС тиімділігі сол – денсаулығы жайында мағлұмат беретін электронды картасы, яғни, әрбір адамның денсаулық төлқұжаты болады. Еліміздің қай бұрышында жүрсе де ЖСН-ін теріп, электронды карта арқылы білуге болады. Қағаз толтырудың қажеті жоқ. Шымкентте жүріп, Алматыға барып ауырып қалсаңыз электронды карта арқылы тексерілуіңізге болады. Онда жарна төленгені бәрі көрсетіледі. Тиісті ем көрсетілмеген жағдайда құқығын қорғауына мүмкіндігі бар, яғни, шағымдана алады.

– МӘМС арқасында енді мемлекеттік және жекеменшік емханаларды таңдау мүмкіндігі бар дейді. Барлық емханалар осы таңдауға кіре ме?

– Жарна төлеп отырғаннан кейін мемлекеттік және келісімшарт бойынша жеке емханаларға көрінуге болады. Бәсекелестік жоғары болары сөзсіз. Емделушілер қатары көп болуы үшін, қызмет сапасы артары анық.

– Жарна төлеуден босатылған топтар туралы айтып өтсеңіз…

– Олар – әскерилер, құқық қорғау органдарында қызмет атқаратындар, мемлекеттік органдарда жұмыс істейтіндер. Барлық адамға жарна төлесе де, төлемесе де тегін көрсетілетін медициналық қызмет түрлері де бар. Оған – жедел жәрдем, санвиация, профилактикалық егулер, әлеуметтік маңызы бар аурулар – онкологиялық, туберкулез, қант диабетімен ауырған жағдайда көмек тегін көрсетіледі.

                                                                                                                    Сұхбаттасқан – Махаббат Әбдешова