Жас блогерлер әлеуметтік желіден алыстап, футбол ойнады

507

Әдетте қолынан қалам тастамай, әлеуметтік желіде жаңалықтар жазып, қоғамдағы қайбір оқиғаны талқы таразысына салатын, қоғамдық пікір қалыптастырушы блогерлердің бүгінгі күйі бөлек. Белсенді топ бірауық ғаламтор мен әлеуметтік желіден алыстап, алаңға келді. Спортқа – салауатты өмір салтына ден қойды. Футбол ойнады. Бұл үшін облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы арнайы «Жас блогерлер арасында кіші футбол турнирін» қолға алып, ұйымдастырды. Ойынға жас блогерлер мен әлеуметтік желі белсенділері арасынан 6 команда қатысты.

Қатысушылар алдында зор құрметпен тілек жолдаған облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы өз сөзінде: «Жас блогерлер арасында кіші футбол турнирінің» мақсаты: Жастар арасында патриоттық тәрбиені күшейту, салауатты өмір салтын насихаттау! Сондай-ақ, жастар мен жас блогерлерді жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға баулу, бұл арқылы қоғамды тәрбиелеу» – деді.

Сонымен, «Жас блогерлер арасында кіші футбол турнирінің» басты сыйы – бас жүлдені «Парасат» құрамасы жеңіп алды. Екінші орынды «Он Жайдарман» еншіледі. Жүлделі үшінші орынға «Балтекстиль» құрамасы қанағат тұтты. Белсенді жас ойыншылар, оның ішінде «Ең үздік қакпашы» наминациясын Алтынбек Досалиев иемденді. «Ең үздік гол» аталымына Бауыржан Салыбаев лайық деп табылды. Ал «fair play» әрекеті үшін» арнайы сыйлығы Асхат Шотаевқа бұйырды. «Көрермен көзайымы» деп «ҚАЗ АТК» құрамасы танылды. «Өнегелі команда» атауы «ОНБЛОГ»-қа берілді. Ал ең үздік бапкердің Ержан Алиев екені анықталды.

Алтынбек Досалиев,  «Ең үздік қакпашы» номинациясының иегері: «Еңбегімнің еш кетпей, ескеріліп, еленгеніне қуаныштымын. Әрине, қарсыластарымыз осал болған жоқ. Бірақ, дайындықтың арқасында біз де берілмедік. Ойын кезінде, допты қағып алуда  аз-кем қиындықтар кездесті, аяғымды  жарақаттап алдым. Ал қақпаға соғылған допты қырағылықпен қағып алуымның құпиясы – спортқа деген сүйіспеншілігім деп білемін. Күніне 3-4 сағатымды осы ойын – футболға арнаймын. Бірақ, әлеуметтік желіде белсенді жас екенімді де ұмыт қалдырмаймын. Өз пікірімді білдіріп, қоғамға үлесімді қосып келемін».

Айта өтетін ақпарат, жеңімпаздар мен қатысушылар қаржылай және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Арнайы алғыс хат пен сый-тартуды ҚР Дін істері және азаматтық қоғам Министрлігінің жастар саясаты департаменті директоры Ғабидолла Абдуллаұлы Оспанқұловтың өзі табыстады. Жеңістерімен құттықтады.