Асанбай Асқаровтың 95 жылдығы аталып өтті

1496

Жылдың барлық мезгілінде Дендрарий бағына барып, жанға сая табатындар көп. Ал мереке күндері балаларыңызды түрлі жануарлары бар зообаққа жетелейсіз. 15-қыркүйек — дәл осы бақтарды шымкенттіктерге сыйлаған тұлғаның туған күні. Тындырылған тірліктерімен таңқалдырған, ерен еңбегімен ерекшеленген Асанбай Асқаровты көзін көргендер мен жастар еске алды.

Мемлекет және қоғам қайраткері, академик, профессор, Алматы Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының құрметті азаматы Асанбай Асқаров бүгін арамызда болғанда 95 жасқа толар еді. Атпал азаматқа көрсетілген құрметке көңілі толмаған әріптестері жыл сайын бас қосады.

Көрнекті қоғам қайраткері, ел дамуына сүбелі үлес қосқан, қазақтың асыл перзентінің бірі Асанбай Асқаровтың туылғанына биыл 95 жыл толды. Осыған орай Асанбай Асқаровтың есімі берілген көшедегі ескерткіш алдында салтанатты жиын өтті. Іс шара барысында 79 жасында дүние салған дарабоздың өмірі Асанбай Асқаров туралы тұшымды пікірлер айтылды.

Алаш перзентінің ел алдындағы азаматтық борышына деген адалдығы мен халқына деген қамқор пейілі тілге тиек болды. 1978-1985 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысын басқарған Асанбай ағамыз артында өшпес із қалдырды. Өңірдің өндірісін, ауыл шаруашылығын, әсіресе мақта шаруашылығын, қала құрылысын дамытуды мықтап қолға алды. Шымкент қаласында халықтың демалуы үшін қоқыс жиналып келген 140 га жерді дендробаққа айналдырып, бюджеттен бір тиын да алмай, бірде-бір облыста жоқ зообақ, балалар темір жолын, ипподром салдырды. Еліміздің өсіп-өркендеуіне шексіз үлес қосты. Сондықтан да, халқымыз Асанбай Асқаровты туған халқын шын сүйген тау тұлғалы азамат ретінде ерекше құрметтейді.

Асанбай Асқаровтың өмірлік жолы өскелең ұрпаққа өнеге. Жамбыл облысының тумасы еңбек жолын 17 жасында мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі болып бастаған,1942-1946 жылдары әскери міндетін өтеп, саяси училищеде оқыды. Әскерден оралған соң комсомол, партия қызметінде адал еңбек етті. 1986 жылы Колбин басқарған кезеңде Желтоқсан оқиғасын ұйымдастырушылардың бірі деген кінә тағылып 4 жарым жылға қамауға алынды.

1991 жылы айыптың мүлдем негізсіздігі анықталып, Қырғыз Республикасы Жоғарғы соты төралқасының шешімімен ол толық ақталды және азаматтық құқықтары қалпына келтірілді. Алайда сол солақай саясаттың салдары ма осы күнге дейін халықтың алдында беделі ерекше ағамызға құрмет өз деңгейінде көрсетілмей келеді дейді қызметтес болған жерлестері.

Исмат Тұрсынқұлов, Асанбай Асқаровтың әріптесі: «Бүгін міне қордың, қоғамдық ұйымдардың бастамасымен іс шара өтуде. Жастарға тәрбие болсын деген мақсатта шара облыс қала әкімдерінің деңгейінде өтуі керек еді. Алайда уақыт әлі өз бағасын береді. Біз Асанбай асқаровты ұмытпаймыз»

Оңтүстік жұртшылығының Асанбай Асқаровқа деген ықыласын ағамыздың тас мүсінін айнала қоршаған гүл шоқтарынан байқадық. Атпал азаматтың туған күнін ұмытпағандар құрмет көрсетуді дәстүрге айналдыра бермек.

Шынар Оразова