Ержігіт Жұмаділ: «Ең жақсы диета – тауға шығу»

1683

«Оңтүстік табиғатының кереметі: екі сағат ішінде ми қайнатар аптап ыстықтан мұз қатып, қар құрсауында жатқан мекендерге жетуге болады». Дәл осы сөзді өлкеміздің жер-жайына әбден қанық гид жігіт айтқан еді. Расымен де сонау Түркістанның ыстығында кие қонған қаланың тарихи ғажайыптарын тамашалап, Шымкент бағытында жолға шыққан кісі әп сәтте Төлеби ауданына жетіп, Батыс Тянь-Шань тауларының салқын ауасына еніп келеді. Оңтүстіктің тарихи-мәдени орындары мен әсем табиғатын тек өзі танып қана қоймай, басқаларға да көрсетіп, тамсандырып жүрген азаматтар да бар. Солардың бірі – Ержігіт Жұмаділ. Жалғыз өзі көптің тірлігін атқарып, сүйген ісі – тауға шығуды насихаттап, облыстың туризмін танытуға үлкен үлес қосып жүрген жан. Бірнеше дәрежелі шыңды бағындырып, қаншама шатқалды шарлап шыққан Ержігіттің айтарын жазып алдық.

Мені тауға алып шығып, Оңтүстік кереметін көрсетіп, қызығушылығымды оятқан – Дана Мадалиева. Тау пейзажын қылқаламмен бейнелейтін Дананың суреттерін көріп, Оңтүстік Қазақстанда мұндай сұлу жер барын білдім. Данамен бірге 2015 жылдың 22 наурызында Сайрамсу шатқалына бардым. Тауға қызығатын кісілермен сонда танысып, араластым.

* * *

Ең алғаш бағындырғаным – Сарыайғыр шыңы. Биіктігі 3350 метр болатын Сарыайғыр шыңына белгілі альпинист, кәсіпкер, тау туризмінен спорт шебері Ербол Оразалиннің тобымен бірге көтерілдім. Бұл 2016 жылдың 1 мамыры болатын. Шыңға шығар алдын жиырма шақты рет тауға барып, біраз дайындық көрдім. Одан кейінгі мен бағындырған екінші шың – Альтус шыңы. 3346 метр биіктегі Альтусқа 20 тамызда 25 адам шықтық. Араларындағы жалғыз қазақ – мен болдым. Үшіншісі – Тәуелсіздік шыңы. 4100 метр биіктегі Тәуелсіздік шыңына 30 қыркүйек-2 қазан аралығында барып қайттық. Төртіншісі – Кергелі шыңы. Алыс шыңдардың біріне жататын Кергелінің биіктігі – 3787 метр. Сайрам-судың Жоғарғы көлінің жанында орналасқан. Алдыңғы үш шыңға біреулердің бастап баруымен көтерілсем, Кергелі шыңына өзім Амангелді деген досым екеуміз 12-14 тамызда шықтық. Айта кетері, Кергелі шыңы алыс болғаны себепті адам көп бармайды.

* * *

Сайрам шыңы, 4238 метр
Сайрам шыңы, 4238 метр

Оңтүстіктегі ең қиын әрі ең биік шың – Сайрам шыңы. 4238 метр биіктегі шыңға шығатын маршруттар деңгейі 2А-дан 5Б-ға дейін өлшенеді. Бізде биіктігі 3000 метрден асатын шыңдарды ғана «дәрежелі шың» деп санайды. Сондай шыңдарға шыққан альпинистке дәреже береді. Оңтүстікте барлығы 27 дәрежелі шың бар. Бәрін де бағындыру жоспарда. Шыңға шығуға ең қолайлы кез – мамыр мен қазан айларының аралығы.

* * *

Тау туризмі мен альпинизмнің басты айырмашылығы: біріншісінде шыңдарға шықпайды, асу-шатқалдарда жүреді. Ал альпинизмде тауға шығып, шыңдарға көтеріледі.

* * *

Өткен жылдың 29 мамырында алғаш рет тауға адамдар тобын алып бардым. 9 адамнан құралған топты ертіп, Сайрамсудың төменгі көліне барып, қайттық. Содан бері барлығы 4 рет екі күндік қонумен адамдар алып барсам, бұдан бөлек 50 шақты рет бір күндік сапар ұйымдастырдым.

* * *

Тау туризмінен бөлек, тарихи-мәдени орындарды аралайтын зиярат ету туризмін ұйымдастырамын. Бір байқағаным: бізде тау туризміне болсын, зиярат ету туризміне болсын, баратын кісілердің дені – қыз-келіншектер. Ер адамдар аз. Әйел кісілер саяхатқа көбірек қызығып, тауға шыққанды құп көреді. Ерлер жағы жалқаулық танытады.

* * *

Тауға шығудың денсаулыққа пайдасы өте көп. Қазір артық салмақтан арылу үшін үйде отырып, диета ұстайтын кісілер бар. Бірақ, аз қимылдайды. Аз қимылдаған соң, артық май жиналады. Артық салмақты «диета ұстап, жоямын» деп ойлағанымен диета деген ағза үшін үлкен стресс. Ал тауға шықса, артық салмақтан оңай арылады. Зат алмасу процессі тез жүреді. Биікте оттегі аз, метаболизм қарқын алады. Ең жақсы диета – тауға шығу. Тауға шықса, жүрек бұлшықеттері де күшейеді. Егер жүрегінде қандай да бір ақау болмаса, онда тауға жиі шығу арқылы, түрлі аурулардың алдын алуға болады. Таудың ауасы – ем. Қылқанжапырақтылар өседі. Аршадан бөлінетін эфир майлары денсаулыққа көп көмек етеді. Қала ішінде қандай фитнес клубқа, жаттығу залына барғанымен бәрібір қаланың лас ауасымен тыныс алады. Таңертең жол бойында жүгіретін адамдарды көремін. Олар жол бойында жүгіріп, автокөліктерден шығатын көмірқышқыл газын жұтады. Соның орнына тауға шықса, қандай ғанибет.

* * *

Біздегі адамдардың демалыс мәдениеті өте төмен. Өздерімен табиғатқа алып шыққан заттарының 80-90 пайызын қоқыс қылып тастап кетеді. Мына Біркөлік, Ақмешіт, Боралдай өзенінің жағасы – қоқысханаға айналып кеткен. Отансүйгіштік, патриотизм – тазалықтан басталады. Адам өз Отанын, Туған жерін сүйсе, табиғаттың тазалығын сақтау керек. Мен өзім тауға ертіп баратын адамдармен қайтар жолда бәрін болмаса да шамамыз келгенше қоқыстарды жинап қайтамыз. Қоқыс қалдырмаймыз. Қоқысты көбіне өз бетімен табиғат аясына шыққан кісілер көп қалдырады. Адамның ішкі мәдениеті, жауапкершілігі болуы қажет. Сонда ғана айналасын таза ұстайды.

* * *

Сазаната шатқалындағы өртенген аршалы алқап
Сазаната шатқалындағы өртенген аршалы алқап

Басқа облыс тұрғындарын былай қойғанда, өзіміздің Оңтүстік тұрғындары бізде табиғаты әсем, керемет таулар бар екенін білмейді. Насихат аз. Бір жағынан жұрт көп біліп, жаппай тауға шығып кетсе де зиян. Өйткені, «туризм мәдениетінің төмендігінен айналасын ластап, қоқысқа айналдырып жібере ме» деп қорқамын. Сосын арша ағаштарын шабатын адамдар бар. Шауып, отынға жағады. Мысалы, былтыр Сайрамсу шатқалында жас аршаларды балталап жатқандарды көріп, оларды тоқтатпақ болдым. Сөзге келіп те қалдық. Түсінбейді. Адамдардың салақтығынан тауда өрт шығады. Осы жазда Сазаната шатқалында 49 гектар алқап өртенді. Оның 14 гектарына арша өскен. Бәрі тып-типыл болып жанып кетті.

* * *

Сайрамсудың Жоғарғы көлі, теңіз деңгейінен 2780 метр биіктікте орналасқан
Сайрамсудың Жоғарғы көлі, теңіз деңгейінен 2780 метр биіктікте орналасқан

Тау туризмі бойынша
1. Доңызтау;
2. Бабалар аңғары;
3. Сазаната;
4. Қырғилы;
5. Қабжайлау (Жабайы альпинистер шатқалы);
6. Аюлар шатқалы (Смородино ущелье);
7. Сайрамсу;
8. Сарыайғыр шатқалдарына адам алып барамын.
Тауға шығатын жұртшылықты Сайрамсудың Жоғарғы және Төменгі көлдері аса қатты қызықтырады.

Көне Отырар
Көне Отырар

Ал тарихи-мәдени нысандар, яғни, зиярат ету туризмі бойынша, үш бағытқа, атап айтқанда:
1. Қазығұрт: Ақбура әулие, Ғайып ерен Қырық шілтен, Қазығұрт тауының батыс шыңы;
2. Сайрам-Түркістан-Отырар: Ибраһим ата кесенесі, Қарашаш ана күмбезі, Көне Отырар, Арыстанбаб, Ахмет Яссауи мавзолейі, Шығыс моншасы, Укаша ата, Сауран көне қаласы;
3. Бәйдібек: Домалақ ана кесенесі, Ақмешіт үңгірі, Бәйдібек ата кесенесі, Қосана кесенесі)бойынша сапар ұйымдастырамын.

* * *

Кірістің кемі 50 пайызы көлік жалдауға кетеді. Қымбатқа түседі. «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі аумағына кіру ақысы бар. Басқа да шығындар болады. Осы жағынан жеңілдіктер болса жөн еді.

* * *

Тауға ұйымдастыратын турларыма басқа облыстардан да келушілер баршылық. Қызылорда, Орталық Қазақстан, Солтүстік Қазақстаннан жиі келеді. Мұнда байқағаным – адамдардың дені Оңтүстікте таулар бар екенін білмейді. Алдын Facebook әлеуметтік желісінде тауда түскен фотосуреттерді жариялағанымда көбісі: «Бұл таулар Алматыда ма?» деп сұрайтын. Оңтүстікте екенін айтқанымда таң қалып, көруге келіп жатады.

Ержігіт Жұмаділ әр аптаның сенбі (зиярат ету туризмі) және жексенбі (тау туризмі)
сапар ұйымдастырады

Тел:  8 777 516 17 77, 8 778 922 22 85 , 8 707 772 49 90

фотосуреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды

Жазып алған – Жәнібек НҰРЫШ

Оңтүстік Рабат газеті,

№37 (366) 13 қыркүйек 2017 ж.