Лаборанттан мұғалімдікке дейін…

760

Замандас, менің бүгінгі кейіпкерім өте еңбекқор, өз ісіне адал, аты затына сай жігіт. Ол Головкинге еліктейді, жо-жоқ ол боксшы емес, Нұржігіт Ботабеков – физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің физика пәнінің мұғалімі. Оның үш жылда жеткен жетістігіне кейбірі, он жылдап жете алмайды. Асырып айтып жатқан жоқпын. Себебі Нұржігітпен сұхбатымыз аяқталған соң, өзіме тағы бір мақсат қойдым.

Маған ой салған сері жігіт туралы әңгімемізді бастасақ. Нұржігіт Оңғарұлы небәрі 25 жаста. Ол қазір Н. Назарбаев зияткерлік мектебінің физика пәнінің мұғалімі. Жап-жас болса да, үздік ұстаздардың қатарында. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін ғылым-білім саласында жемісті еңбек етіп, әріптестері мен шәкірттерінің ілтипатына бөленіп жүрген сері жігіт – үш тілді қатар меңгерген. Өзіне де өзгеге де қатаң талап қоя білетін талантты ұстаз бүгінде оқушыларға ғана емес, өзі еңбек етіп жүрген білім ордасының ұстаздарына да ағылшын тілінде дәріс беруде.

Нұржігіт Ботабеков 1992 жылы Бәйдібек ауданы, Шаян ауылында дүниеге келген. Ауылдың құмына аунап өскен жігіт, білім қуып қалаға келеді. Шымкенттегі №52 жалпы орта мектебін тәмамдап, қатарластарымен бірге ҰБТ тапсырады. Негізі дәрігер болуды армандаған жасөспірім Нұржігіт биологияны емес, физика пәнін таңдайды, оның себебін былайша түсіндірді.

«Мен жоғары сыныпта оқып жүрген кезде физика пәнімен байланысты мамандықтарға сұраныс көп еді, тіпті төмен ұпайлармен көптеген ЖОО-ларға мемлкеттік грантпен оқуға түсуге мүмкіндік бар болатын. Ал дәрігерлікке ұпай өте жоғары жинау керек, мен өзімнің біліміме сенсем де, бәрі бір қорқыныш болады екен. Сөйтіп, жан-жақты ойланып, физиканы таңдадым. Әрбір мамандық иесі, ол міндетті түрде дәрігер болмай-ақ қойсын – барлығы шын жүректен қаласа адамдарға пайдасын тигізе алады. Осылай, мұғалімдікке келдім», – дейді.

Осылайша кейіпкеріміз М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің физика пәні мұғалімі мамандығына оқуға түсіп, 2014 жылы дипломын қолына алды. Біраз жерге түйіндеме тастап, жұмыс берушілерден хабар күтіп жүргенде, Назарбаев мектебінде лаборант қызметкеріне бос орын барын естіп, бірден байқауға қатысқан. Іріктеуден өтіп, физика кафедрасына лаборант болып қабылданыпты.

«Басында бұл жұмысыма қуанып жүре бердім, бертін келе өзімді қамшылай түстім: «Мамандығым ұстаздық, дипломым бар, неге әлі лаборант болып жүрмін, өсетін кезім келді емес пе?»,- деп. Сөйтіп, мұғалімдікке ұмтылды. Бірақ ол үшін ағылшын тілін жетік меңгеруі керек еді.
Нұржігіт арманын жүзеге асыру үшін ағылшын тілін үйренуге білек сыбана кірісіп кетеді. Бірақ ешқандай курстарға жазылмаған, барлығын өзі нөлден бастайды.

Үш тілді жетік білетін жас маманның айтуынша, қазір білімділердің заманы. Сол себепті де ол күнде жаңа дүниелерді үйреніп танысудан жалыққан емес. Осыны ескерген басшылық Нұржігіттің білімін жетілдіру үшін «CILL» бағдарламасы аясында Лондонға оқуға жібереді. Англияда біліктілігін арттырып келген ұстаз, қазір өзінің әріптестеріне де ағылшын тілін үйретуде. Озық ойлы, үш тілді жетік меңгерген мұғалімнің ендігі мақсаты – оқушылардың бойынан осы мамандыққа деген қызығушылықты оятып, жас физиктерге болашаққа жол сілтеу. Құлшынысы зор Нұржігіттің бос уақыты аз болады. Ал қолы босай қалса оқушылармен түрлі спорттық ойындар, соның ішінде футбол ойнаймыз дейді. Өзінің жұмысына адал азамат мемлекеттің саясатын, соның ішінде үштілділікті қолдайды. Бұл-заман талабы дейді ол.

«Аз да болса, тәжірибемнен байқағаным, бүгінгі күннің балаларының ойы озық, талпыныстары күшті. Бұл тек зияткерлік мектебінің оқушылары туралы айтылған сөз емес. Мысалы менің группаластарымның көбі қарапайым мектептерде мұғалім. Олар да біртіндеп сабақтарды үш тілде өткізуге көшіп жатыр екен, солардың айтқанына құлақ салсақ, оқушылар ағылшын тілін ұстаздардың деңгейімен, тіпті көбі олардың деңгейінен жоғары меңгеріп алған. Ал қазір тіл білгендердің заманы болғандықтан, еліміздің дамуы үшін мұндай жастар көп болу керек, сол үшін үш тілділікті дамыту керек», -дейді.

Айналдырған 3 жылдың ішінде ағылшын тілін меңгеріп, лаборанттан үздік ұстазға дейін жеткен Нұржігіттің еңбек жолы үлгі аларлықтай. Басында айтқандай мен де кейіпкеріме қарап бой түземекпін. Яғни, бүгіннен бастап, ағылшын тілін үйренуге кірісемін. Жас толқын, болашағым жарқын болсын десең, оған қадамдарды бүгіннен жаса!
                                                                                                                                                            Әлия Әділбек